Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЗҰЛХИЖЖА АЙЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ 10 КҮННІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 01.07.2022 4539 0 пікір
ЗҰЛХИЖЖА АЙЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ 10 КҮННІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Алла Тағала пенделерінің ізігілік амал атқарып, көбірек сауап істер жасауы үшін кейбір күндер мен түндерді басқаларынан артық етіп қойды. Сондай мұсылман баласының Жаратушысының кешіріміне бөленуге тырысып, ізгі амалдарға ерекше ынта танытуы керекті уақыттың бірі – зұлхижжа айының алғашқы он күні.

Зұлхижжа айы мұсылмандар үшін аса құрметті де және ардақты айлардың бірі.  Бұл айдың алғашқы он күнінде жасалатын ғибадаттардың қадірі өте жоғары. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фәжр» сүресінің алғашқы екі аятында:

وَالْفَجْرِ، وَلَيالٍ عَشْرٍ

«Таң шапағына серт. Және (мүбәрәк) он түнге серт», – деп айтқан.

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) аталмыш аятты: «Бұл аятта зұлхижжа айының алғашқы он күніне байланысты айтылған», – деп тәпсірлеген.  Алла Тағаланың қасиетті Құранда қандай да бір затпен ант етуі – сол заттың маңыздылығын білдіреді. Ендеше бұл аят зұлхижжа айының он күнінің ерекшелігі мен артықшылы айтылып тұр.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا مِنْ أَيامٍ العَمَلُ الصَّالحُ فِيها أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ مِنْ هذِهِ الأَيَّامِ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ وَلا الْجِهادُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ؟ قَالَ: وَلاَ الجِهَادُ فِي سبِيلِ اللَّهِ، إِلاَّ رَجُلٌ خَرَجَ بِنَفْسِهِ، وَمَالِهِ فَلَمْ يَرجِعْ مِنْ ذَلِكَ بِشَيءٍ

«Алла Тағалаға осы (он) күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ», – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Сонда Алла жолындағы күресу де оған тең келмей ме?» – деп сұрады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында күресу де оған тең келмейді. Тек жанымен әрі малымен күресіп, кері қайтпаған адамның жағдайы бөлек», – деп жауап берді (имам Бұхари).

Ғалымдарымыз: «Рамазан айының соңғы он күніне қарағанда Зұлхижжа айының алғашқы он күні артығырақ. Ал Рамазан айынының соңғы он түні Зұлхижжа айының он түнінен артығырақ. Себебі, Рамазан айының соңғы он түнінде түндердің ұлысы болған Қадір түні бар болса, ал Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде күндердің ең ұлысы болған арапа күні мен құрбан айты бар», – деген.

Бұл күндерді ізгілікпен өткізу Алла Тағалаға жақындататыны сияқты, бұл күндерде күнә істеу пендені Жаратушысынан алыстатып, оның мейірімінен мақрұм етеді. Сол себепті де Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде мұсылман жұртшылығы мынадай құлшылықтар атқаруға мән беруі қажет:

 

Бірінші: Қажылық

Қажылық «әл-хажжу» (الحج) деп айтылып, тілдік мағынасы – ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту дегенді білдіреді. Терминдік мағынасы: «Шариғат тарапынан белгіленген уақытта арнайы құлшылық рәсімдерін атқару үшін Қағбаны ғана мақсат етіп жолға шығу», – дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 97-аятында:

وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік етіп, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж», – деп айтқан.

Қажылық – бес парыздың  бірі. Алла Тағала оны атқаруға шамасы келетін мұсылманға парыз етті. Үлкен қажылық тек зұлхижжа айында жасалатын болса, кіші қажылықты жылдың кез-келген мезгілінде жасауға болады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылықтың сауабы турасында:

مَنْ حَجَّ، فلَمْ يَرْفُثْ، وَلم يَفْسُقْ، رَجَعَ كَيَوْمَ وَلَدْتُهُ أُمُّهُ

«Бұл үйге (Қағбаға) қажылық жасаушы кісі төсек қатынасына түспесе, сондай-ақ бұзық іс істемесе, анасынан туған күндегідей оралады», – деген (имам Бұхари).

Яғни, Алла Тағаланың разылығын тілеп, біліп және білмей жасаған күнәларына шынайы ықыласпен кешірім сұрап, жәннатты үміт етіп қажылық амалдарын толық орындаған адам күнәдан жаңа туған сәбидей таза болып қайтады.

 

Екінші: Арапа күні ораза тұту

«Арапа» сөзі тілдік тұрғыда «ға-ра-фа» делінген етістіктен туындап, «білу», «түсіну» деген мағыналарды білдіреді. Бұл күннің арапа аталуының себебі, зұлхижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) баласы Исмайылды құрбандыққа шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін ол жәй түс екен деп ойлайды. Алайда ертесінде әлгі түсті тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күн «арапа» деп аталды деген пікір бар.

Арапа күнінің уақыты – зұлхижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер Арафат тауына бір мезет тұрақтайды. Олар арапа күні ораза ұстамайды. Ал қажылыққа бармаған кісі арапа күні ораза ұстауы сауап болмақ.

Жалпы зұлхижжа айының алғашқы сегіз күнінде де ораза ұстау – мұстахап. Бұл күннің оразасы хадисте айтылған жалпы ізгі істердің қатарына жатады. Ал зұлхижжаның тоғызыншы, яғни арапа күні ораза тұту – сүннет. Өйткені, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол күні ораза ұстап,  сахабаларын ораза тұтуға шақырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арапа күні ораза ұстау жөнінде былай дейді:

صِيَامُ يَوْمِ عَرَفَةَ إِنِّي أَحْتَسِبُ عَلَى اللَّهِ أَنْ يُكَفِّرَ السَّنَةَ الَّتِي قَبْلَهُ وَالسَّنَةَ الَّتِي بَعْدَهُ

 «Арапа күнгі ораза арқылы Алла Тағаланың өткен және келер жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін» (имам Муслим) .

 

Үшінші: Тәкбір ташриқ айту

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде Алла Тағаланы көбірек, ұлықтап, мақтау сөздерін айтып жүру қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا مِن أيَّامٍ أَعظَمَ عِندَ اللهِ، وَلَا أَحَبَّ إلَيْهِ مِنَ الْعَمَلِ فِيهِنَّ مِنْ هَذِهِ الْأَيَّامِ العَشْرِ؛ فَأَكثِرُوا فِيهِنَّ مِنَ التَّهْلِيلِ، وَالتَّكْبِيرِ، وَالتَّحْمِيدِ

«Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді іс жоқ. Ендеше, ол күндері тасбих (субханалла), тахмид (әлхамду лиллә), тәһлил (лә иләһа илләлла), тәкбір (Аллаһу акбар) сөздерін айтуды көбейтіңдер», – деген (имам Ахмад).

Ал тәкбір ташриқ айту – намаз оқу міндет болған әрбір мұсылманға уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 203-аятында:

وَٱذْكُرُواْ ٱللَّهَ فِىٓ أَيَّامٍۢ مَّعْدُودَٰتٍۢ

«Санаулы күндері Алланы еске алыңдар!», – деп бұйырған.

Аяттағы «санаулы күндер», – дегенді Әзірет Әли (Алла оған разы болсын) арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күні екінті намазының соңы деп тәпсірлеген. Демек, тәшриқ тәкбірі зұлхижжа айының 9-ы күнгі таң намазынан бастап, әр парыз намаздың соңында айтылып, зұлхижжаның 13-і күнгі екінті намазына дейін жалғасады. Яғни 23 парыз намазды қамтиды. Тәкбір ташриқты намазды жеке оқыған адам да, жамағатпен оқыған адам да айтады. Бір мәрте айту – уәжіп, одан көбірек айту мұстахап амал саналады. Ер адам дауысын көтеріп, әйел адам ішінен айтуы қажет. Сүннет, үтір және нәпіл намаздардан кейін тәкбір ташриқ айтылмайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде:

أَيَّامُ التَّشْرِيقِ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ وَذِكْرٍ لِلَّهِ

«Ташриқ күндері тамақтану, су ішу және Алла Тағаланы еске алу күндері», – деген (имам Муслим).

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде,
намаз бен құрбан шалу келді бірге», – деп, бұл күндері Алла Тағаланы ұлықтаудың артықшылығы жөнінде айтқан. 

Тәкбір тәшриқ дұғасы:

اللَّهُ أَكْبَرُ اللَّهُ أَكْبَرُ، لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَاللَّهُ أَكْبَرُ، اللَّهُ أَكْبَرُ وَلِلَّهِ الْحَمْدُ

 «Алла ұлық, Алла ұлық. Алладан өзге тәңір жоқ. Алла ұлық, Алла ұлық. Барлық мақтау Аллаға тән», – деп айтылады.

Жәбир атты сахабадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:  Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арапа күні таң намазын оқығаннан кейін сахабаларына бұрылып: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уә лилләһи-л-хамд», – дейтін. Осылайша арапа күнінің таң намазынан бастап, соңғы тәшриқ күнінің екінті намазына дейін айтатын», – делінген (имам Дарақутни)

 

Төртінші: Айт намазын оқу

«Айт» сөзі «әл-ғиду»  (العيد) сөзінен енген. Айт намазы шариғат тарапынан мұсылмандарға уәжіп етіліп һижраның бірінші жылында енгізілді. Әнастың айтуынша, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде мәдиналықтар тойлайтын екі күн болатын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұлар не қылған екі күн?» – деп сұрайды. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнде ойнап, көңіл көтеретінбіз» – дейді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла ол екеуін одан да жақсырақ мерекелерге: Құрбан айты мен Ораза айтына айырбастады» – деді.

Мерекенің алғашқы күні айт намазына барарда ғұсыл құйынып, әдемі, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп барған жөн. Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иіс жағудың абзал екендігі туралы көп айтатынын естігенмін», – деген.

Сонымен қатар Құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу мұстахап амал саналады. Хадис шәріпте:

كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ حَتَّى يَطْعَمَ, وَلَا يَطْعَمُ يَوْمَ الْأَضْحَى حَتَّى يُصَلِّيَ

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді», – делінген (имам Тирмизи).

Жұма намазы парыз болған әр мұсылманға айт намазын оқу – уәжіп. Айт намазының уақыты күн бір немесе екі найза бойындай деңгейге көтерілгенде кіріп, оның аспан биігіне жетуімен шығады. Яғни күн шыққан соң жарым сағат өткенде айт намазының уақыты кіреді. Айт намазын имаммен бірге атқаруға үлгермеген адам оның қазасын өтемейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресі, 2-ші аятында:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» – деп айтқан. Тәпсірде бұл аяттың Құрбан айт намазы мен құрбан шалу турасында екендігі айтылған. 

 

Бесінші: Құрбан шалу

Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍۢ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُواْ ٱسْمَ ٱللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّنۢ بَهِيمَةِ ٱلْأَنْعَٰمِ ۗ

«Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.

Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтса, Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында: «Мұсылмандарға жыл сайын зұлхижжа айының оныншы күнінде, яғни оразадан екі ай он күн өткен соң құрбан шалу уәжіп. Құрбан шалу Ибраһим пайғамбар уақытынан бері мирас болды», – деп жазған.

Хадис шәріпте: «Амалдар ниеттерге байланысты», – демекші, әрбір істі бастарда алдымен ниет ету керек. Құрбандық малын шалғанда да ниеттің тазалығы, шынайылығы маңызды. Себебі құрбандығымыз тек Аллаға арналып сойылуы керек. Қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 162-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قُلْ إِنَّ صَلاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ 

 لَا شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ

«Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын!деп айт», – деп бұйырған.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.  Осы себепті де шалынған құрбандық етімен мұқтаж жандарға жәрдемдесудің сауабы үлкен. Қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында:

وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ

«Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.

Сүннетке сәйкес құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалуға болады.  

 

Қадірменді жамағат!

Алла Тағала пенделерінің ізгі амал жасап, құлшылықта ерекше бекем болулары үшін жыл ішінен үш он күнді тандап алды. Олар:

Бірінші,  рамазан айының ақырғы он күні. Себебі осы он күн ішінде Қадыр түні бар.

Екінші,  зұлхижжа айының он күні. Себебі, бұл он күнде арапа күні, құрбан айт, қажылық сияқты тағы  да басқа құлшылықтар бар.  

Үшінші, мухаррам айының он күні. Бұл айда Ашура күні бар.

Ендеше, осы күндерді барынша ізгілік, сауапты амалдармен өткізуге тырысайық.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, қажылық сапарындағы жерлестеріміздің сапарын оң етіп, баршамызға Жаратқан Иеміздің мейірімі мен кешіріміне кенелуді нәсіп еткей! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру