Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТУЫСҚАННЫҢ АҚЫСЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 07.07.2021 2338 0 пікір
ТУЫСҚАННЫҢ АҚЫСЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

 

Туыстық қарым-қатынасты сақтаудың мұсылман адам үшін мән-мағынасы өте үлкен.  Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – демекші, туыс-туғанмен қарым-қатынастың бір әулеттің ғана емес, жалпы қоғамдық бірліктің берік болуына ықпалы зор. Қазақ халқының бұндайда: «Туысы бірдің – уысы бір», «Ағайын тату болсаат көп, абысын тату болсаас көп», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді» – деуі де осыдан.  Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 90-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ ۚ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан және зұлымдықтан тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер», – деп бұйырған.

Туыстар – бір түрбірден өскен ағаштың бұталары тәрізді. Осы себепті де олардың арасында береке мен бірліктің болуы, өзара татулық пен мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасауы аса маңызды іс. Туыстарына ізгілік етпеген адамның өзгелерге мейірбан болуы екі талай. Қазақ халқы туысқанды өзін ойлағандай ойлау,  оның арын өз арын қорғағандай қорғау, қуанышы мен қайғысына ортақтасу, тарыққанда сұратпай қол ұшын беру сияқты істерге аса мән берген.

Кезінде Сары би деген ақылгөй ақсақал бала Сырымға мынадай өсиет айтады: «Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ең алдымен беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады», – дейді. Сонда Сырым ұлы сөз дегенге қызығып: «Ол қандай сөз ата, айтыңызшы», – дейді. Сары би осы кезде: «Арлы-ұжданды бол, елге деген парызыңды ұмытпа, намысыңды жастан сақта, халқыңды алалама, жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама!, – деп өсиет айтады. Міне, осы сөзді Сырым шешен қартайған шағына дейін есіне сақтап жүрген екен. Осы айтылған сөздегі «Жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама» деген өсиеттер бауырмалдыққа, ағайындыққа, туыстыққа шақырып, туыстықты үзуден, олардың арасын бөлуден сақтандырған. Осындай ұлы сөздерді бойына сіңіріп өскен халқымыз қанша тарихи зобалаңдардан өтсе де, әрқашан әулет арасындағы береке-бірлікті сақтауға тырысқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الأخِرِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса,  онда туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін», – деп айтқан (имам Бұхари, имам Муслим). Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық қатынасты сақтауды Алла Тағала әрі  Қиямет күніне иман етумен байланыстыруы, бұл амалдың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетіп тұр.

Жалпы туыстық қарым-қатынасты сақтау мәселесінде адамдар үш түрлі болады:

Бірінші, туыстық қатынасты сақтап әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар

Хадисте ондай адамдар – «әл-уасилу» (Туыстық байланысты сақтаушы) деп аталған. Бұндай адам туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана сыйласу емес, туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасын бірінші болып түзеп, оларға жақсылық жасай біледі. Осы себепті де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَيْسَ الْوَاصِلُ بِالْمُكَافِئِ ، وَلَكِنَّ الْوَاصِلَ الَّذِي إذَا قَطَعَتْ رَحِمُهُ وَصَلَهَا

«Туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам, (ол – оған қандай қарым-қатынас жасаса) сонымен ғана жауап беретін адам емес. Шындығында, туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам – ол туыстарының онымен қарым-қатынасын үзгеніне қарамастан, олармен араласуын үзбейтін адам!», – деп айтқан (Имам Бұхари).

Туыстық қатынасты сақтаған адамды Алла Тағала қияметте шексіз сауапқа бөлеп, бұл дүниеде ризығын мойлайтып, өмір жасын ұзартады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ أَحَبَّ أَنْ يُبْسَطَ لَهُ فِي رِزْقِهِ وَيُنْسَأَ لَهُ فِي أَثَرِهِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ

«Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін», – деп айтқан (имам Бұхари, имам Муслим). Кейбір ғалымдар хадистегі «өмір жастың ұзаруына» деген сөздерді: «Алла Тағала ол адамның өміріне берекет беріп әрі ризық-несібесін молайтады. Әрі сол арқылы ол адам өзінің өмірінде басқалардың шамасы келмеген істі істеп үлгереді», – деп түсіндірген.

Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Алладан қорқатын және туыстармен араласатын адамның өмір мерзімі ұзартылады, байлығы көбейеді және жақындарының сүйіспеншілігіне бөленеді», – деген.

 

Екінші, туыстық қатынасты үзушілер

Ондай адамдар хадисте – «әл-қатиғу» (үзуші) деп аталған. Бұл атау туыстық қатынасты сақтамайтын, олармен араласпайтын, қиналғанда жанынан табылмайтын адамдарға қатысты айтылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ قَاطِعٌ

«Туыстық қатынасты үзуші жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (имам Бұхари, имам Муслим). Аталмыш хадисте туыстық қатынасты үзген адамға қатысты «жәннатқа кірмейді» делінуінен, туыстық қатынасты үзудің қаншалықты ауыр күнә екендігін түсінуімізге болады.

Жалпы ғалымдарымыз туыстық қатынасты үзуді үлкен күнәлар қатарына жатқызған. Имам Заһаби өзінің «Китабу-л-кабаир» (Үлкен күнәлар кітабы) атты еңбегінде, жетпіс түрлі ауыр күнәні тізіп, оның ішінде туыстық қарым-қатынасты үзуді тоғызыншы орынға қойған.

Сол үшін де, мұсылман адам туысқандық байланыста ұсақ-түйек дүние үшін ұғыспастыққа салынуға, ниеті бұзық адамдардың өсек-аяңы үшін ренжіске түсуіне,  дау мен жанжал қууына еш болмайды. Сүйінбай Аронұлы бабамыз:

«Ел баққанның тұқымы,
Көптің көңілін аулайды.
Дау баққанның тұқымы,

Болмашы істі даулайды.
Туысқанын жат көріп,
Жаудан жаман қармайды», – деп айтқан.

Бабамыздың бұл жерде: «ел баққан» деп «бағу» сөзін қолдануы тегін емес. Себебі, «бағу» сөзі  көбіне төрт түлік мал баққанға қолданылып жатады. Мал баққан адам оның түрлі машақатына төзіп, төрт түрлі мезгілде ауа райының ыстығы мен суығында сабыр етіп, бар ыждахатын салып, қарағанда  ғана еңбегінің жемісін көретіндігі сияқты, жақындарының бірлігін ойлаған адам да олардың кей ұнамсыз қылықтарына сабыр етіп, кешірімділікті ту ету арқылы ғана өзінің игілікті мақсатына қол жеткізбек.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الرَّحِمُ مُعَلَّقَةٌ بِالْعَرْشِ تَقُولُ: مَنْ وَصَلَنِي وَصَلَهُ اللَّهُ ، وَمَنْ قَطَعَنِي قَطَعَهُ اللَّهُ

 «Ғаршыға ілулі тұрған туыстық байланыстар былай дейді: «Мені сақтаған адам Алла Тағаламен де  байланысын сақтайды. Менімен байланысын үзуші Алла Тағаламен де  байланысын үзеді», – деп айтқан (имам Бұхари, имам Муслим). Ендеше, дініміздің осындай қазыналарын тереңінен түсінген бабаларымыздың «Ағайынның азары болса да, безері болмас» деген сөзіне үңілер болсақ, туыс адам жаман болғанның өзін де одан безінуге, қарым-қатынасты үзуге болмайтындығын түсінеміз.

 

Үшінші, жоғарыда айтылған екі дәреженің ортасындағы адамдар

Бұндай адамдар туыстарына жақсылық та жасамайды, жаманшылығын да тигізбейді. Сыйласқанымен ғана сыйласады, араласпағандарымен араласпайды, оларды арнайы іздемейді.

Осылардың ішінде мұсылман адам бірінші санаттағы, яғни туыстық қатынасты сақтаушылардан болып, екінші мен үшінші санаттағылардан болудан сақтануы қажет.

 

Қадірменді жамағат!

Туыс адамдар той-томалақ, қуанышты сәттерде ортақтасу, қиындық кезінде көмек қолын созу,  ауырып қалса қал-жағдайын сұрап бару, ақыл-кеңеске мұқтаж болса ақыл қосу сияқты т.б істерде бір-біріне жәрдемші болулары тиіс. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 215-аятында Алла Тағала сүйікті Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

يَسْأَلونَكَ مَاذَا يُنْفِقُونَ قُلْ مَا أَنْفَقْتُمْ مِنْ خَيْرٍ فَلِلْوَالِدَيْنِ وَالْأَقْرَبِينَ وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де», – деп айтқан.

          «Туыстан асқан жақын жоқ, ұмытуға хақын жоқ» дейтін халқымыз, әрдайым ұрпағына туыстық қатынасты сақтаудың артықшылығы жайында айтып, ескертіп отыратын болған. Мәшһүр Жүсіп бабамыз да осыған орай:

«Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,

Алыстамай айналып, жақтайтын да ағайын.

Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,

Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын», – деп айтқан.

Ағайын-туыстық ақысын ойлайтын адам, әсіресе қиналған уақыттарында олардың қасынан бірінші болып табылуға тырысуы қажет. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» делінген аталы сөзден осыны түсінеміз. Туыс адам үшін жұмсалған қаражат шығын емес, қияметтік сауап саналады. Асыл дінімізде ағайын-туысқа жасалған жәрдемде екі садақаның сауабы бар. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الصَّدَقَةُ عَلَى الْمِسْكِينِ صَدَقَةٌ ، وَعَلَى ذِي الرَّحِمِ ثِنْتَانِ: صَدَقَةٌ وَصِلَةٌ

«Кедейге садақа беру – садақа, ал туысқанға көмектесу болса екі сауап. (Бірі) садақаның, (ал екіншісі)  туысқандық қарым-қатынасты сақтаудың (сауабы)», – деген. (имам Тирмизи).

Алла Тағала баршамызды туыстық қатынасты сақтаған, ағайын-жақындарымен береке-бірлігі жарасқан Өзінің сүйікті пенделерінің қатарына қосып, қасиетті жұма күнгі жасаған дұға-тілектерімізді қабыл еткей! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі