Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мысырда қазақ жастарына арналған Мәуліт кеші өтті

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 02.10.2026 60 0 пікір
Мысырда қазақ жастарына арналған Мәуліт кеші өтті

Мысыр Араб Республикасындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі «Талаба» қауымдастығы аясында Мысырда білім алып жатқан қазақ студенттерінің қатысуымен тағылымды Мәуліт кешін өткізді.

Рухани шараның мақсаты – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен көркем мінезін насихаттау, жастардың діни сауатын арттыру, сондай-ақ шетелде білім алып жүрген қазақ жастарының өзара ынтымағы мен бірлігін нығайту.

Кеш барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысырда білім алып жатқан қазақ шәкірттеріне арнайы құттықтау сәлемін жолдап, жастарды Мәуліт мерекесімен құттықтады. Бас мүфти өз сәлемінде жастарға ілім іздеуде табандылық танытып, алған білімдерін ел игілігіне жұмсауға, көркем мінез бен рухани құндылықтарды бойларына сіңіруге тілектестік білдірді.

Сондай-ақ ҚМДБ-ның Мысыр Араб Республикасындағы өкілі Руслан Амантұрсынұлы жиналған жастарды Мәуліт мерекесімен құттықтап, тағылымды насихат айтты. Ол білім мен тәрбиенің қатар жүруі маңызды екенін атап өтіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі мен өнегесін күнделікті өмірге үлгі етуге шақырды.

«Шетелде білім алып жүрген әрбір жас – еліміздің ертеңі. Сіздер біліммен қатар адамгершілік пен көркем мінезді де бойларыңызға сіңіруге ұмтылуларыңыз қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі – мұсылман баласы үшін ең көркем өнеге. Сондықтан білім іздеумен бірге рухани кемелдікке де мән бергеніміз абзал», – деді Руслан Амантұрсынұлы.

Мәуліт кешінде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтылып, Мәуліт жырлары оқылды. Қатысушыларға Исламдағы бауырластық, білімнің қадірі, ата-анаға құрмет, елге қызмет ету және көркем мінездің маңызы жөнінде насихат айтылды.

Рухани жиынға Мысырда білім алып жатқан қазақ студенттерімен қатар Индонезия және Малайзия елдерінен келген студенттер де арнайы қонақ ретінде қатысты. Әртүрлі елден келген мұсылман жастардың бір шаңырақ астында бас қосуы кештің мазмұнын арттыра түсті.

Шара барысында жастар арасында жылы пікір алмасып, өзара бауырластық пен достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесу өтті.

Мәуліт кеші соңында жастарға ізгі тілектер айтылып, білім алып, алған ілімдерін ел игілігіне жұмсауға шақырылды.

ҚМДБ-ның Мысырдағы өкілдігі шетелде білім алып жатқан қазақ жастарының рухани тәрбиесіне, діни сауатын арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шараларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.





Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру