Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАКУДЕ ПӘТУА КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 13.09.2026 188 0 пікір
БАКУДЕ ПӘТУА КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Бүгін Әзербайжан астанасы Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасы жанынан құрылған Пәтуа кеңесінің жетінші отырысы өтті.

Мәжіліске аталған кеңестің мүшелері қатысты. Қазақстан тарапынан ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасының хатшысы Батыржан Мансұров, Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары – Бауыржан Абдуалиев пен Медет Құрсақов қатысты.

Алқалы жиында «Һижри айлардың басталуын анықтауға қатысты өлшемдер», «Егін егу үшін басқаға берілген жердің ұшырын төлеу», «Жасанды интеллект берген пәтуаны алу дұрыс па?», «Бір қабірге бір уақытта немесе әртүрлі уақытта бірнеше мәйітті жерлеуге бола ма?», «Мұсылман екені белгілі болған адамды тәкфир етудің (кәпір деп үкім етудің) үкімі», «Жұма намазының дұрыс болу шарттары», «Мүлікті пайыздық несиеге алғысы келген адамға сату рұқсат па?» тақырыптарында әзірленген діни пәтуалар қабылданды.

Сонымен қатар Мүфтилер алқасының жетінші мәжілісінде түркі мемлекеттері мүфтилерінің қатысуымен қабылданатын бірлескен құжаттар мен мәлімдемелердің, атап айтқанда, «Некені дәріптеу, отбасын қорғау және нығайту жөніндегі ортақ жауапкершілік», «Исламның ғылым мен технологияға көзқарасы», «Мұсылман екені белгілі болған адамды тәкфир етудің (кәпір деп үкім етудің) үкімі» құжаты бекітілді.

Айта кетсек, ертең, яғни 14 қыркүйекте Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасының жетінші мәжілісі өтеді. Алқалы жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, арнайы баяндама жасамақ.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру