Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТҮРКИЯНЫҢ «ХАСЕКИ» ИНСТИТУТЫНА ҚАБЫЛДАУ ЕМТИХАНЫ ӨТТІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 20.06.2026 435 0 пікір
ТҮРКИЯНЫҢ «ХАСЕКИ» ИНСТИТУТЫНА ҚАБЫЛДАУ ЕМТИХАНЫ ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия Дін істері басқармасы арасындағы өзара әріптестік келісім аясында Алматы қаласында 2026–2027 оқу жылына арналған Түркияның «Хасеки» жоғары діни оқу орнына қабылдау емтиханы өтті.

Биылғы қабылдау емтиханын өткізу үшін Түркия Республикасы Дін істері басқармасы Сыртқы байланыстар бас басқармасының бас директоры Енсари Иентүрк, Түркия Республикасы Дін істері басқармасы Білім беру бағдарламалары және үйлестіру басқармасының басшысы Махмұд Шахин, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының Дін істері жөніндегі атташесі Әли Гүлден және Түркия Республикасының Астана қаласындағы Елшілігінің Дін істері жөніндегі кеңесшісі Юсуф Ақкуш келді.

Алматыда өткен жиын алдында ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов шетелден келген қонақтарға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің сәлемін жеткізіп, екіжақты байланыс негізінде жүзеге асып жатқан игі бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Биыл елімізден Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің 2026 жылдың бітіруші студенттері мен өңірлерде жұмыс істеп жатқан білікті діни қызметкерден құралған 30 ер адам және 5 қыз баласы емтиханға қатысты. Емтихан қорытындысы бойынша оқуға қабылданған талапкерлер Түркияның беделді діни оқу орнында білімдерін жалғастырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру мүмкіндігіне ие болады.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру