Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МИССИЯ ӨКІЛДЕРІ АЛҒАШҚЫ ҚАЖЫЛАРДЫ ЕЛГЕ ШЫҒАРЫП САЛДЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 31.05.2026 297 0 пікір
МИССИЯ ӨКІЛДЕРІ АЛҒАШҚЫ ҚАЖЫЛАРДЫ ЕЛГЕ ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Бүгін Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы бастаған миссия мүшелері қасиетті Мекке қаласында қажылық рәсімдерін толық аяқтаған қазақстандық қажылардың алғашқы легін елге салтанатты түрде шығарып салды.

Жидда – Алматы бағыты бойынша тікелей әуе рейсімен ұшқан 327 отандасымызға ақ жол тілеп, қасиетті сапардың қабыл болуы мен елге аман-есен оралуына дұға жасалды.

Қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы қажылармен кездесуде олардың ұлы ғибадатты абыроймен атқарып, елге рухани тұрғыдан жаңарып, имандылық пен ізгілік құндылықтарын бойына сіңіріп қайтып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық қажылардың бір бөлігі қасиетті Мәдина қаласына аттануда. Олар Ислам өркениетінің рухани орталығы саналатын Мәдина шаһарында болып, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітін зиярат етеді. Бұдан кейін қажылар Мәдина халықаралық әуежайы арқылы елге оралады.

Биыл Қазақстан Республикасына бөлінген ресми квота аясында 4 мың азамат қажылық парызын өтеді. Қажылық маусымы барысында Қазақстан қажылық миссиясы Мекке қаласында құрылған арнайы жұмыс кеңсесі арқылы қажыларға бес бағыт бойынша үздіксіз қызмет көрсетті. Атап айтқанда, діни-ағартушылық және уағыз-насихат жұмыстары, алғашқы медициналық көмек ұйымдастыру, үйлестіру және ұйымдастыру мәселелері, шариғат және пәтуа қызметі, сондай-ақ ақпараттық сүйемелдеу бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Қажылық миссиясы мүшелері қажылардың қауіпсіздігіне, денсаулығына, құжаттық рәсімдерінің дұрыс орындалуына, көлік және орналастыру қызметтерінің сапасына тұрақты мониторинг жүргізіп отырды. Сонымен қатар «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы негізінде рухани-танымдық кездесулер, насихат дәрістері мен тәлімдік шаралар ұйымдастырылып, отандастарымыздың қажылық сапарын мазмұнды өткізуіне ерекше көңіл бөлінді.

Қазақстан қажылық миссиясының қызметі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің құзырлы мекемелері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар азаматтарымыздың қажылық парызын қауіпсіз әрі сапалы орындауына мүмкіндік берді.

Қажылық – мұсылманның өміріндегі ең маңызды рухани белестердің бірі. Сондықтан елге оралған қажылардың бойындағы сабыр, тақуалық, жауапкершілік, отансүйгіштік және қоғамдық келісім құндылықтары қоғамның рухани дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.

Алла Тағала барша қажылардың құлшылықтарын қабыл етіп, елге аман-есен жетулерін нәсіп етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру