Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық миссиясы биылғы қажылық маусымында қазақстандық қажыларға кең көлемді рухани-ағартушылық қызмет көрсетті. Қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларында, сондай-ақ қажылықтың негізгі рәсімдері өтетін Мина, Мұздалифа және Арафат алқаптарында отандастарымызға 400-ден астам уағыз-насихат ұйымдастырды.Бұл туралы Қазақстан Қажылық миссиясының мүшесі Хасан Аманқұлов мәлімдеді.
Қажылық мұсылман баласының рухани кемелденуіне жол ашатын, сабыр мен жауапкершілікті талап ететін ұлы құлшылық. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қызмет көрсететін 14 қажылық операторына арнайы бекітілген 14 білікті имам-уағызшы қажыларға тұрақты түрде діни-ағартушылық бағыттағы дәрістер мен насихат жұмыстарын жүргізді.
Рухани кездесулер барысында қажылық рәсімдерінің мән-маңызы, ихсан құндылығы, сабыр мен шүкіршілік, сапардағы мұсылман әдебі, қасиетті мекендердің ерекшеліктері, бірлік пен бауырмалдық, сондай-ақ ҚМДБ қабылдаған «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді.
«Қажыларымыз қасиетті сапарға келген алғашқы күннен бастап рухани жетекшілікпен қамтылды. Уағыз-насихат жұмыстары қонақүйлерде ғана емес, қажылықтың ең жауапты кезеңдері өтетін Мина, Мұздалифа және Арафат алқаптарында да үздіксіз жалғасты. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – қажылардың ғибадаттарын шариғат талаптарына сай әрі саналы түрде орындауына қолдау көрсету», – деді Хасан Аманқұлов.
Сонымен қатар, қажылық маусымы барысында ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары қажыларға тұрақты түрде діни кеңес беріп, туындаған сауалдарына жауап ұсынды. ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболаттың мәліметінше, 2026 жылғы 17–29 мамыр аралығында қазақстандық қажылар тарапынан қойылған түрлі діни мәселелерге қатысты 1068 сұраққа жауап берілген. Сұрақтардың басым бөлігі қажылық рәсімдерін орындау тәртібі, ихрам үкімдері, құрбан шалу, тауап пен сағи, намаз және күнделікті құлшылықтарға қатысты болған.
Қажыларға рухани қызмет көрсеткендердің қатарында елімізге белгілі тәжірибелі дін қызметкерлері мен білікті мамандар бар. Атап айтқанда, бас имамдар Амантай Садиев пен Асқар Мұқанов, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Исламқұл Иманқұлұлы, Бекзат Құсанбаев, Нұрсұлтан Мамедалиев, Қуаныш Әбішев, Юсупбек Шұғайұлы, Ерлан Кенжин және Айболат Теміров, сондай-ақ ҚМДБ мамандары Елбек Тасболатұлы мен Қазыбек Абу қажыларға рухани жетекшілік етті.
Орыс тілді отандастарымыздың сұранысын ескере отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына Тамирлан Ибраев, Қанатали Такиров және Дәуренбек Жандосұлы белсенді түрде атсалысты.
Қазақстан Қажылық миссиясы қажыларға қызмет көрсетуді тек ұйымдастырушылық мәселелермен шектемей, олардың рухани сұраныстарына ерекше көңіл бөлді. Күн сайын өткізілген уағыздар, жеке діни кеңестер, пәтуа мамандарының түсіндіру жұмыстары мен сұрақ-жауап кездесулері қажылардың діни білімін арттырып, құлшылықтарын дұрыс әрі саналы түрде орындауына мүмкіндік берді.
ҚМДБ тарапынан жүзеге асырылған бұл кешенді рухани-ағартушылық қызмет қазақстандық қажылардың рухани тұтастығын нығайтып, қасиетті қажылық сапарының тағылымдық мәнін арттыруға және олардың ұлы ғибадатты жоғары рухани деңгейде атқаруына өз үлесін қосты.










ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
31.05.2026
70
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру