Қасиетті Мекке қаласында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігінің ұйымдастыруымен 1447 һижри жылғы қажылық маусымын қорытындылауға арналған ресми салтанатты іс-шара өтті.
Халықаралық деңгейдегі маңызды жиынға Қазақстан Қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы бастаған миссия мүшелері қатысып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан қажылық маусымының қорытынды іс-шарасына қатысты.
Басқосу барысында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфиқ ибн Фаузан әр-Рабиа қасиетті қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан мемлекеттердің уәкілетті органдарына, діни мекемелеріне, қажылық миссиялары мен қызмет көрсетуші ұйымдарға алғыс білдірді. Сонымен қатар министр қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жетілдіру, цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
Іс-шара аясында 1447 һижри жылғы қажылық маусымының негізгі кезеңдері, ұйымдастыру жұмыстары мен қол жеткізілген нәтижелерді қамтитын арнайы есептік бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ қажыларға сапалы қызмет көрсетіп, қажылық рәсімдерінің қауіпсіз әрі жүйелі өтуіне үлес қосқан елдер мен ұйымдарға арнайы марапаттар табысталды.
Қазақстан Қажылық миссиясы биылғы маусымда отандастарымыздың құлшылықтарын талапқа сай әрі қауіпсіз орындауына жағдай жасау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, қажыларды орналастыру, тасымалдау, тамақтандыру, медициналық көмек көрсету, діни-ағарту қызметін ұйымдастыру және құқықтық-консулдық қолдау бағыттарында жүйелі бақылау жүзеге асырылды.
Салтанатты жиын барысында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстан Қажылық миссиясына 1448 һижри жылғы қажылық маусымына дайындық жұмыстарын бастауға арналған ресми құжатты табыстады. Аталған құжат Қазақстан Республикасына келесі жылғы қажылық науқанын ұйымдастыруға берілген ресми рұқсат болып саналады және екі ел арасындағы қажылық саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың айқын көрінісі болып табылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан Қажылық миссиясы алдағы қажылық маусымында да отандастарымыздың қасиетті сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру, «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасын кеңінен насихаттау және қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
30.05.2026
2061
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру