Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ АРАФАТТА «БІР МЕЗЕТТЕ – БІР НИЕТ» РУХАНИ ДҰҒА ШАРАСЫН ӨТКІЗДІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 27.05.2026 198 0 пікір
ҚМДБ АРАФАТТА «БІР МЕЗЕТТЕ – БІР НИЕТ» РУХАНИ ДҰҒА ШАРАСЫН ӨТКІЗДІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Мекке қаласындағы Арафат жазығында «Бір мезетте – бір ниет» атты рухани дұға шарасын ұйымдастырды. Игі шараға қажылық парызын өтеу үшін қасиетті сапарға келген қазақстандық қажылар қатысты.

Рухани жиында Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы жамағатқа насихат айтып, Арафа күнінің артықшылығы мен дұғаның қабыл болатын сәттері жайында тағылымды уағыз жеткізді. Ол қажыларды елдің амандығы, қоғамның тұрақтылығы, халықтың бірлігі мен рухани тұтастығы үшін дұға жасауға шақырды.

«Бір мезетте – бір ниет» рухани шарасы аясында Арафат жазығында тұрған қазақстандық қажылар қасиетті мекенде ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасады.

Қажылар Жаратушыдан Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры берік, мерейі үстем болуын, халқымызға ынтымақ пен береке, әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке нәсіп етуін тіледі. Сонымен қатар жас ұрпақтың жүрегіне иман, бойына білім мен парасат, отансүйгіштік пен ізгі қасиеттер даруын сұрап, әлем мұсылмандарына бейбітшілік пен мейірім тіледі.
Сондай-ақ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов және Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов жамағатпен бірге арнайы дұға жасап, Қазақстанның өркендеуі, халқымыздың рухани кемелденуі мен қоғамдық келісімінің нығаюын тіледі.

Рухани шара барысында Қажылық бөлімінің маманы, Нұрсейіт Омаров қари қасиетті Құран аяттарын оқып, хатым дұғасын жасады. Қажылар қасиетті Арафатта қол жайып, өздері мен отбасыларының амандығы, ел-жұртының тыныштығы мен мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін дұға етті.

Арафаттағы бұл тағылымды шара Қазақстан мұсылмандарының елге деген сүйіспеншілігі мен рухани жауапкершілігін айқындап, қажылардың қасиетті мекенде Отан игілігі үшін бір жүрек, бір тілек болып дұға жасауына мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Арафатта тұру – қажылықтың негізгі парыздарының бірі. Бұл күні мұсылмандар Жаратушыдан кешірім тілеп, дұға-тілектерін арнап, рухани жаңғыру мен кемелденуге ұмтылады.










Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру