Бүгін қасиетті Мекке қаласында Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңлібеков пен Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов қазақстандық қажылық туроператорларының өкілдерімен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында биылғы қажылық маусымын жоғары деңгейде ұйымдастыру, қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және қажылық рәсімдерінің белгіленген талаптарға сай орындалуы мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар қазіргі халықаралық және өңірлік ахуал аясында қазақстандық қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуе қатынасының тұрақтылығы, төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ Қазақстан мемлекетінің шетелдегі азаматтарына көрсетіп отырған қолдауы мен қамқорлығы жөнінде пікір алмасу болды.
Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңлібеков қажылық сапары кезінде отандастарымыздың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің тұрақты назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ қажылық маусымы барысында туындауы мүмкін түрлі жағдайларға Бас консулдық қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жиын барысында ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Басқарма басшысы Раухан Қанапина қажыларға сапалы қызмет көрсету – аманат әрі үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, туроператорларды өзара ынтымақтастық пен үйлесімді жұмысты күшейтуге шақырды.
Кездесу соңында тараптар қажылық сапарын ұйымдастыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге және қазақстандық қажылардың қасиетті сапарын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу үшін өзара ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласты.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
24.05.2026
48
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру