Қасиетті Мекке қаласында қазақстандық қажылардың құрметіне ұйымдастырылған рухани кездесу мен дәстүрлі қонақасы аясында Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңлібеков және Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов қажылық маусымында отандастарымызға медициналық қызмет көрсететін қазақстандық дәрігерлермен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық қажылардың денсаулығын сақтау, медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, аптап ыстық жағдайындағы профилактикалық шаралар, жедел медициналық көмек көрсету мәселелері және қажылық кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік тақырыптары талқыланды.
Сонымен қатар қазіргі халықаралық ахуал мен өңірлік қауіпсіздік мәселелері ескеріле отырып, қазақстандық қажылардың қауіпсіз сапарын қамтамасыз ету, Сауд Арабиясы Корольдігінің құзырлы органдарымен өзара іс-қимылды үйлестіру және азаматтарға қажетті қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Кездесуде Елші Мадияр Меңлібеков Қазақстан мемлекеті шетелдегі азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына ерекше мән беретінін атап өтіп, дипломатиялық өкілдіктің қажылық маусымы кезеңінде отандастарымызға қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Миссия төрағасы Кенжетай Байкемелұлы қажылықтағы медициналық қызметтің маңыздылығына тоқталып, дәрігерлердің қажылардың денсаулығын қорғаудағы ең жауапты міндеттердің бірін атқарып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қажыларға сапалы қызмет көрсетіп, аманатқа адал болуға шақырып, жұмыстарына табыс пен береке тіледі.
Кездесу соңында дәрігерлер тарапынан көтерілген бірқатар ұсыныстар мен өзекті мәселелер талқыланып, оларды бірлесіп шешу жолдары қарастырылды.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
24.05.2026
22
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру