
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркия Республикасындағы өкілі Абдурашит Карабаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы тапсырмасымен Мысыр Араб Республикасына іссапармен барды.
Алдымен Абдурашит Карабаев Каирде еліміздің Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісінің бірінші хатшысы Қожахмет Пазылов мырзамен кездесті. Оған Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, сонымен қатар өкілдіктің атқарып жатқан іс шаралары мен жоспарларын таныстырып өтті. Кездесу барысында Түркия мен Мысырда білім алып жатқан қазақстандық шәкірттердің ахуалы мен келешегі жайлы да сөз қозғалды.
Бұдан кейін Абдурашит Зиядинұлы бастаған делегация Каир қаласындағы «Сұлтан Бейбарыс» мәдени орталығында қазақ студенттерімен рухани кездесу өткізді. Делегация құрамында PhD докторы Озат Шамшиев, PhD докторанттары Берік Құдайбергенов пен Нұрбол Абубакиров болды. Шараны ұйымдастыруға осы елдегі ҚМДБ-ның Мысырдағы жауапты өкілі Руслан Амантұрсынұлы ұйытқы болды.
Кездесу барысында Абдурашит Зиядинұлы шетелде білім алып жатқан жастарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, ілім алудың маңыздылығы мен елге, қоғамға пайдалы істермен айналысу туралы өнегелі насихатын ортаға салды. Сонымен қатар, ол Түркиядағы қызметтік тәжірибесі мен сол елде білім алып жатқан қазақ жастарының діни ахуалы жайлы ойын бөлісті.
Осы кездесуде «Сұлтан Бейбарыс» мәдени орталығының ұстазы Мирас Ерланұлының тұңғыш жарық көріп отырған «Сенім шуағы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиын рухани терең мазмұнымен ерекшеленіп, студенттерге өмірлік бағыт-бағдар беріп, білім жолындағы ізденістеріне шабыт сыйлады.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру