Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЫСЫРДА БІРҚАТАР КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 17.02.2022 3968 0 пікір
МЫСЫРДА БІРҚАТАР КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ (ФОТО)

ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ершат қажы Оңғар Мысырға сапары барысында бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Наиб мүфти Мысыр Араб Республикасының Уақып істері министрі және Ислам істері жөніндегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы, профессор Мұхтар Жұмамен, Мысыр мүфтиі Шауқи Алламмен, әл-Азһар шейхының орынбасары Мұхаммед Абдурахман Дуанимен,  Мысырдың бұрынғы мүфтиі Али Жұмамен және Ислам зерттеу академиясының президенті Назир Аятпен кездесіп, екі ел арасындағы діни оқу, ғылым, тарих, мәдениет саласындағы байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында сұхбат жүргізді.

Кездесуде Уақып істері министрі Мұхтар Жұма Бейбарыс сұлтан бабамыз тұрғызған көне мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру мақсатында министрлік тарапынан 2 миллион доллар қаражат бөлінгенін жеткізді. Алла қаласа, Бейбарыс сұлтан мешіті 2023 жылы толық ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Сондай-ақ Ершат қажы Оңғар Қазақстанның Мысыр Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шарифпен кездесіп, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Елшілікте Қайрат Лама Шариф, Ершат қажы Оңғар және Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаевтың қатысуымен әл-Азһар университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу ұйымдастырылды.

Студенттермен кездескен наиб мүфти ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2022 жыл ҚМДБ аясында «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» болып жарияланғанын, мүфтияттың биылғы жеті жұмыс бағыты бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Әл-Азһар университетінде оқып жатқан қазақстандық студенттерге сапалы білім алып, елге оралудың маңыздылығы, Қазақ еліне қызмет жасау, Ислам дінінің дамуы мен Отан алдындағы міндетті атқару мұсылманның парызы екені айтылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру