Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі Өзбекстан президентінің сайтына сілтеме жасап.
«Екі халықтың достығы мен бауырластығының нығаюына елеулі үлес қосқанын ескере отырып және Өзбекстан қоғамының қазақ әдебиеті мен өнерін тереңірек тануы үшін мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мақсатында Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттау туралы ұсыныс мақұлдансын», - делінген құжатта.
Қаулыға сәйкес, ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттау бойынша ұйымдастыру комитетінің құрамын бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитетіне бір айлық мерзімде шаралар тізімінің жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Сонымен бірге, құжатта Абайдың "Таңдамалы" шығармалар жинағын және «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары» әдеби-сараптамалық мақалалар жинағын әзірлеп, баспаға беру ұсынылған.
Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Абай және өзбек әдебиеті» көрмесін тұрақты түрде ұйымдастыру және жыл сайын 10 тамызда - Абайдың туған күнінде Ташкенттегі ақын ескерткіші жанында салтанатты шаралар өткізу, оқушылар мен студенттер арасында «Абай шығармаларының білгірі» шығармалар байқауын ұйымдастыру ұсынылып отыр.
Одан бөлек, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар мен теле, радиоматериалдар әзірлеу, оқу орындарындағы мектептерде, әскери бөлімдер мен ұжымдарда тақырыптық кештер өткізу қарастырылған.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру