Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сауд Арабиясының королі отставкаға кетеді – БАҚ

baq.kz 17.11.2017 3771 0 пікір
Сауд Арабиясының королі отставкаға кетеді – БАҚ

Сауд Арабиясының 81 жастағы королі Салман Бен Абдель Азиз Аль Сауд келесі аптада отставкаға кетіп, тақты өзінің ұлы Мұхаммед бен Салманға береді. Бұл туралы британиялық Daily Mail газеті король отбасына жақын басылымға сілтеме жасап хабарлады.

«Егер аяқ астынан бірдеңе болып қалмаса, Салман келесі аптада өз баласын король етіп тағайындайды», - деп жазды басылым.

Жасы егде тартқан монарх мемлекеттік істерден бас тартып, құрметті лауазымдарын сақтап қалмақшы. Бар билік 32 жастағы мұрагеріне қалады. Естеріңізге салайық, ханзада қарашаның басында Сауд Арабиясында жемқорлыққа қарсы өте ауқымды шараларды өткізді. Бір күн ішінде Салман басқаратын комитет Әль-Сауд басқарушы отбасының 11 ханзадасын, сондай-ақ үкіметтің бұрынғы 30 министрін сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тұтқындады.

"Аль-Маядин" телеарнасы хабарлағандай, күдіктілер арасында медиамагнат Әль-Валид бен Таляль бен Абдель Әзиз Әль Сауд ханзада, 4 қарашада отставкаға кеткен экономика мен жоспарлау министрі Адель Факих, сондай-ақ ұлттық гвардия министрлігінің бұрынғы басшысы Митаб бен Абдалла бен Абдель Әзиз Әль Сауд ханзада да бар.

Сауд билігі айып тағылған адамдар тізімін ресми түрде жариялаған жоқ.

Сондай-ақ, 5 қарашада Сауд Арабиясының ханзадасы Мансұр ибн Мукрин әуе апатында қайтыс болды.

Айта кету керек, король Салман тақты өз баласына береді деп басқа басылымдар да жарыса жазды. Бірақ Сауд Арабиясының жоғары лауазымды шенеунігі Bloomberg News агенттігіне «король тақтан бас тартпайды» деп мәлімдеме жасаған. Оның айтуынша, Салманның «дені сау, психикасы орнында және бас тартады деген ақылға қонбайды».

Сауд Арабиясында монарх тақтан бас тартқан тек бір ғана жағдай болған. 1960 жылдардың ортасында король Сауд ибн Абдул-Азиз тақтан бас тартып, өзінің бауыры ханзада Фейсалға орнын берген. Ол кезде ханзада корольдік белшесінен батқан қаржылық дағдарысты жоюға байланысты толық құзіреті бар еді, деп жазды «Америка дауысы».

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру