Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Луксор сапары дін насихатын сарапқа салды (ФОТО)

16.11.2015 3618 0 пікір

Мысыр Араб республикасының Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңесінің дәстүрлі жиырма бесінші конференциясы басталды. Египет президенті Абдул Фаттах Ас-Сисидің тікелей қамқорлығымен қолға алынған жиын мың жылдық тарихы бар Луксор қаласында өтуде.

Мазмұнды мәжілістің биылғы отырысы «Діни көшбасшылардың және діни насихатшылардың ақпараттық-насихат жұмысындағы әдістемелерді жаңарту және экстремистік пікірлерді жою туралы көзқарастары» тақырыбына арналып, мұсылман елдерінің дін өкілдері өзекті тақырыпты тарқатуға жиылды. Бұл қатарда Қазақстан Республикасы делегациясы құрамында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мен «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Шәмшадин Керім қатысты.

Жоғары кеңес конференциясының пленарлық мәжілісінде әйгілі «Әл-Азһар» университетінің шейхы доктор Ахмад Ат-Таиб, Уақфтар министрі Муаммад Мухтар Жұмға сынды ислам әлеміне танымал тұлғалар баяндама жасап, алыстан ат арылтып келген қонақтарға алғыс айтты.

Конференция жұмысы негізгі бес секциялық отырыста өрбіді. Жиынның екінші бөлімінде «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры Шәмшадин Керім «Ғаламтор желісі арқылы діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, осы салада елімізде жүргізіліп отырған елеулі жұмыстармен ой бөлісті.

Конференция аясында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы бірқатар дін қайраткерлерімен жүздесті. Бұл ретте наиб мүфти «Әл-Азһар» шейхы доктор Ахмад Ат-Таиб, Уақфтар министрі Муаммад Мухтар Жұмға және Мысыр Араб республикасының мүфтиі, ғұлама Аш Шауқи мырзалармен кездесіп, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.

Наиб мүфти сондай-ақ, бүгінде әлемдік туризм кіндігіне айналған, тарихы терең, танымы мол Луксор қаласының әкімі Мұхаммед Бадрмен кездесті. Кездесу барысында Наурызбай қажы Тағанұлы 2017 жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» шарасының маңызы туралы, елорда руханияты жөнінде әңгімелеп берді.

Наиб мүфти «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы Қазақстанның экономикалық өсіп жетілу көрсеткішімен қатар, рухани-мәдени мұраларын әлем елдерінің назарына ұсынудың сәті туатынын айтты. «Бұл – бес аспап, жан-жақты көрме. Біз әлемдік игі шарадан төл тарихымыз бен  мәдениетімізді, дәстүрлі дінімізді насихаттаудың тиімді жолдарын көріп отырмыз. Осы маңызды мұраларды әлем тілдеріне аударып, кітаптарды шетелдік меймандарға ұсынуға болады» деп, ел руханиятын мәртебелі көрмеде дәріптеу теріс пиғылды ағымдарға тұсау салатынына сенім білдірді. «Біз барынша өз мәдениетіміз бен дінімізді дәріптей түссек, экстремистік идеяларға қоғамда орын қалмайды. Жоғарыда аталған көрменің руханиятымыздағы маңызды бір тұсы осы» деді Н.Тағанұлы.

Жоғары кеңес конференциясы барысында Наурызбай қажы Тағанұлы бірқатар мысырлық БАҚ құралдарына сұхбат берді. Тілшілер қосынына еліміздегі дінаралық диалог, әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезі, бірегей институт Қазақстан халқы ассамблеясы туралы және ҚМДБ-ның жұмысы жайында кеңінен баяндады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Мысырдың бауырластығының белгісіне айналған «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің еліміздегі дін мамандарын даярлаудағы маңызына тоқталып, мемлекеттік маңызды бастамалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатымен жоғары нәтижелерге ие екенін жеткізді.  «Елімізде еңсерілген игілікті істің бастауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бар екенін атап айтқым келеді. Дінаралық диалогтың, халықтар достығының, ұлт бірлігінің мығым болуына Елбасымыз тікелей басшылық етіп отыр. Бір ғана мысал, бүгінде тәуелсіз Қазақстанда ұлттық-халықтық мерекелермен қатар, діни күндерге де көңіл бөлінген. Дін мерекелеріне арнаулы демалыс беріліп, Президент дін өкілдерін әруақыт құттықтауды игі дәстүрге айналдырды. Ал тәуелсіздік күні мен халықтар достығы – Бірлік күні өз алдына айрықша мереке. Осының барлығы бірлігіне бекем, дәстүріне мығым, болашағына зор сеніммен қарайтын Отанымызда жүзеге асырылуда» деп сөзін түйіндеді наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңестің жиырма бесінші конференциясының екінші күні мәртебелі меймандарды Луксор шаһарының тарихи орындарымен таныстыруға арналды.

Жайық НАҒЫМАШ 

Мысыр Араб республикасының Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңесінің дәстүрлі жиырма бесінші конференциясынан ФОТОРЕПОРТАЖ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру