Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тағылымы мол жиын

12.10.2015 3920 0 пікір

Күні кеше көршілес Ресей мемлекетінің жүрегі Мәскеуде Алланың зәулім мешіті бой көрсетті. Ол қуанышқа жиылған мұсылман қауымы тіптен бірнеше көшеге иіріле намазда сап түзеді. Бұл исламның туын көтергенмен тең. Десек те, осы елде бүгін тағы бір игілікті іс жасалды. Өткен мен бүгінді, уақыт пен тарихты, сонау ғасырда тарамдалған Еділ мен Қазан, Қазақ хандықтарының  маржан дінін бүгінде жаңарту, қайта өркендету, тағдыр мен тағдырды табыстыру.  Осы мақсатта, Татар елінің төрінде, тарихи Бұлғар жерінде дініміздің тағы бір тарихи сәттері белгіленді.  

Исламда ғылым мен білім ерекше бағаланады. Бұл жолда Құранның қатпар сырларын игерген сайын, жүрегін Аллаға, өмірін ғылымға арнаған ғалымдар қаншама.  

Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес – деген Абай хәкімнің сөзінен аңғарсақ, ғалым болу екінің біріне берілмейтін, бірдің маңдайына ғана жазылатын пешене. Сондығынан, ғалымның сөзі дәлел, діндегі тең пәтуа.

Ресей Федерациясының Президенті В.Путин Мәскеу мешітінің  ашылу салтанатында Татар елінде ислам академиясының ашылуын қолдап, тиісті тапсырмалар бергені белгілі. Сол бағытта, «Мұсылмандық діни пікір: ұлттық, аймақтық және өркениетті өлшеулер» атты конференция ұйымдастырылды. Оны Ресей ислам институтының ректоры Рафик Мухаметшин жүргізіп, дүниенің барлық мемлекеттерінен жиылған өкілдер мен ірі тұлғаларға сөз берді. Осы қатарда, Татарстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі, Республикалық «Қайта өрлеу» қорының төрағасы Минтемир Шаймиев көптің көмегімен, жақсы сөз, дұрыс көзқарас, исламның тұнық бұлағындағы тура іліммен ғана дінімізді қорғап, келешекке сақтап қалатынын жеткізді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей тапсырмасымен, қазақ елінен Шығыс Қазақстан облысының өкіл имамы Нұрлан Байжігітұлы жиынға қатысып, ежелгі Бұлғар жеріндегі дін көшбасшыларының бұл отырысын тарихи оқиға ретінде бағалап, осынау халықаралық ірі игіліктің көп ұлтты Татар халқы мен Республика басшылығы арқасында өтіп отырғандығын айта келе, Татар елі мен жиын қатысушыларына Бас Мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің арнаулы сәлемін жеткізді.

Сонымен қатар, қазақ пен татар халықтарының терең тамырласқан сан ғасырлық достығы мен рухани сабақтастығына тоқтала келе, «Қазақ пен татар ежелден бір – біріне бауырлас ұлттар. Бүгінде екі ел татулық қарым – қатынаста. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың құрметіне Қазан қаласынан көше берілуі осының айғағы. Қазақ даласына исламды таратуда татар ұлтының ықпалы мол. Бұрынғы кездерде қазақ балалары татар молдасынан діни сауатын ашып, медреселерінде ислам кәусарынан сусындаған. Біздерді хақ дініміз жақындастырып отыр. Бұдан әріде ұлттар арасындағы байланыс терең арнада жалғаса беретіндігіне сенемін» деді.

Сонымен қатар, исламның асыл құндылықтарынан салиқалы ойлар, бүгінгі ахуалы жайлы салмақты пікірлерді ортаға салып, ислам академиясының қабылдаған тұңғыш отыз оқушысына Қазақстан атынан сәт сапар тіледі.        

Конференцияда Ресей Думасының депутаты Ильдар Гильметдинов, Халықаралық қарым – қатынас институты мен Қазан Федералдық шығыстану университеті ректоры Рамиль Хайрутдинов, Дағыстан Республикасының мұсылмандары діни басқармасының бірінші орынбасары Ахмед қажы Кахаев, Ресей Федерациясындағы Түркия консулының кеңесшісі Айгюн Дурсун, Чуваш Республикасы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Альбир хазрет Курганов, Мысыр Президентінің дін істері бойынша кеңесшісі Усама Сейид Аль-Азһари, Кавказ Республикасы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы орынбасары Фуад Нуруллах, Қырым Республикасы мұсылмандары діни басқармасының  Мүфтиі Руслан Баиров сынды беделді тұлғалар исламды Ханафи мектебінің негізінде сақтау және оны дамыту, діни білім деңгейін арттыру, радикалды көзқарастармен кері ағымдық санаға қарсы бірлесе күресу, исламның дәстүрлі құндылықтары мен қағидаттары негізінде мұсылман үмбетінің шоғырлануы туралы маңызды ұсыныстар білдірді. Қатысушылар тарапынан ғылыми конференция құнды пікірлер мен салауатты ойларға толы тағылымы мол шара ретінде бағаланды. 

Облыстық «Халифа Алтай» мешіті,
Өскемен, Шығыс Қазақстан облысы


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру