Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «E-islam.kz» ақпараттық-ағартушылық интернет порталының ұйымдастыруымен Сәдуақас Ғылмани мешітінде дөңгелек үстел отырысы өтті. «Қазақстан аумағындағы дәстүрлі ислам дінін насихаттайтын ресми сайттардың әлеуетін арттыру мәселелері» тақырыбындағы жиынға діни сайт жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аталмыш шара ҚР Дін істері агенттігі мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы келісім меморандумы аясында ұйымдастырылды.
Басқосуда басқарманың уағыз насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров ашып, интернет желісіндегі діни бағыттағы парақшалардың сапасы мен тынысын әңгімеледі. Ол дәстүрлі исламның мәртебесін арттыруға қызмет етіп жүрген ғаламтор көздерін дамытудың, насихаттаудың бірнеше жолдарын ұсынды. «Біз жұмыла жұмыс істегенде ғана мүддемізден шыға аламыз. Төл дінімізді кеңінен түсіндіру, оқырмандарды сауаттандыру – басты мұратымызға айналуы тиіс. Ал мұның биігінен көрінуде ғаламтордың рөлі айрықша» деді Е.Оңғаров.
Діни басқарма өкілі саладағы терминдерді біріздендіру мәселесін кешіктірмей қолға алуды тілге тиек етті. «Мәселен, «Алла» сөзін кейбір қазақша кітаптарда, ауызекі тілде «Аллаһ» деп жатамыз. Тіліміздің үндестік заңына салсақ, дұрысы «Алла» болу керек» деген ол ғұламалар осы секілді сөздердің терминологиясын жасап, барлық БАҚ-та жариялау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Ершат Ағыбайұлы солтүстік өңірлерде орыс тілді дін қызметкерлерінің тапшылығын әңгімеледі.
Жиында сөз алған дін істері агенттігі «e-islam.kz» порталының бас редакторы Жасұлан Абдраман қазақстандық сайттарда орысша материалдардың легін арттыруды қолға алуымыз керектігін еске салды. «Орыс тілді жастарымыз дінге бет бұрғанда, алдымен жат ағымдардың жарияланымдарына ұрынады. Бұл дәстүрлі исламды насихаттайтын орысша ақпараттардың тапшылығының әсері. Бұл да өзге ағымның жетегінде кеткен жеткіншектерді көбейте береді» деді Ж.Абдраман.
Аталған порталдың бас сарапшысы, белгілі дінтанушы Марат Смағұлов діннің мәртебесін биіктетуде жастардың назарын бірден аударатын қадамдарға бару тиімді екенін әңгімеледі. Оның айтуынша, бұл үшін дұрыс, сапалы мәліметті жеңіл, тартымды, қызықты желілермен ұсыну қажет интернетте. «Қысқа әрі нұсқа» ұстанымын да ескерген жөн. Мешіт имамдары да жұма уағызын айтуда осылай жасаса құба-құп болар еді. Өйткені, жарты сағатқа созылатын уағыздың кейбірі тыңдаушысын мезі ететін сыңайлы.
Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми «sunna.kz» сайтының жетекшісі Исатай Бердалиев те сайттарды насихаттаудың, танымалдылығын жетілдірудің бірегей жолдарын ұсынды.
Нұр Астана орталық мешітінің ресми «ummet.kz» сайтының жетекшісі Қайырбек Отызбаев қазақстандық дәстүрлі ислам дінін насихаттайтын сайттардың бірін-бірі көп қайталайтынын тілге тиек етіп, алдағы уақытта олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелікке ие болып, дәстүрлі ислам дінінің белгілі бір салаларын жүйелі түрде насихаттаумен айналысса деген ниетін жеткізді.
Шара барысында Әзірет Сұлтан мешітінің ресми «Muslim.kz» сайтының тілшілері пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды.
e-islam.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.02.2014
4440
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру