Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мысырдағы қазақ жастары мәулітті атап өтті

28.01.2014 4795 0 пікір

Жыл сайын әрбір рабиуул-әууал айының таңы атысымен жер бетін қуаныш пен шаттық кернейді. Себебі, бұл ай Ұлы Рахманның досы, әлемдердің Раббысының сүйіктісі хазіреті Мұхаммед Мұстафа (с.а.у)-ның дүние есігін ашқан айы. Жалғыз Жаратушыға ғана иман етіп, жүректері сәулелі нұрға тұнған мүміндер бұл айда кеуделерін қақ жарып шыққан сағынышқа толы сәлемдері мен салауаттарын жолдайды. Әлемнің әр елінде адамзаттың асыл тәжіне салауаттар айтылып, мәуліт мерекесі тойланып өтеді. Солардың бірі Жақып пен Жүсіп (а.с) секілді пайғамбарлардың ізі қалған мекен Мысыр елінде де ұйымдастырылды. Аталған шараны елінен жырақта жүрген қазақ ұстаздар, әл-Әзһар университетінің шәкірттері және елден 3 айлық оқуға барып, осы мерекеге қатысуға сәті түскен ел имамдары ат салысып, нағыз мұсылманға тән ауызбіршілікпен атап өтті. Имандылық пен мейірімге толы мереке Пайғамбарымызға (с.а.у) деген салауатпен басталып, шәкірттердің Расулаллаға арнаған нәзік иірімдерге толы жырларымен әрлене түсті. Барша қатысушыларға арнап дастархан жайылып, ас берілді. Ризабек Батталұлы, Асқарбек Сардарбеков секілді ілімді ұстаздар «үмметім, үмметім» деп өткен екі дүниенің сәруары, ғаламның рахым нұрының өмірінен ғибратты насихаттар айтты. Сонымен қатар, қатысушыларға Алла елшісінің (с.а.у) өмір жолдарынан, Ислам тарихынан арнайы дайындалған сауалдар қойып, дұрыс жауап ұсынған жанды бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Алла тағала баршамыздың ықылас, ниеттерімізді қабыл етіп, мәңгілік мекенімізді сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның жанынан алуымызды нәсіп ойласын!

Алпамыс Өтепберген
Қызылорда қаласындағы "Айтбай" мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру