
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Хатшылығының XII отырысы өз жұмысын бастады.
Атап айтқанда бұл шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте шақырылған тұңғыш Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 10 жылдығына арналып отыр.
Съездің жұмыс органы болып табылатын Хатшылықтың XII отырысы барысында 2012 жылы мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары IV Съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасылады. Отырыстың күн тәртібіне сондай-ақ Съезд Хатшылығының дінаралық және өркениетаралық үнқатысуды ілгерілету жөніндегі халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығы мәселелерін шығару жоспарланып отыр. Қатысушылар сонымен қатар 2015 жылға жоспарланған V Съездің тұжырымдамалық және ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасатын болады. Отырысқа Хатшылық Басшысы - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми төрағалық етіп, Хатшылық мүшелері, яғни әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері қатысуда.
Айта кетейік, бүгін «Өркениеттер үнқатысуындағы Астана дінаралық форумының рөлі» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Конференция Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың конфессияаралық форумды өткізу туралы идеясының тарихи маңызын ғылыми тұрғыда зерделеуге ықпал етуі тиіс. Шараға әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері, қазақстандық және шетелдік қоғамдық-саяси қайраткерлер, белгілі ғалымдар шақырылып отыр. Конференция жалпы отырыс және Съездің тарихи әлеуеті мен форумның даму келешегіне арналған екі секциялық сессиядан тұрады.
Дереккөз: inform.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.09.2013
5061
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру