Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына арнайы іссапары барысында Торғай өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани мұраны сақтау, дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту және өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру мәселелері сөз болды.
«Сіздермен Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, батыр бабаларымыз – Кейкі мен Амангелді Иманов сынды тұлғалар шыққан киелі Торғай топырағында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Алла Тағала баршаңызға амандық пен күш-қайрат нәсіп етсін.
Расында қазақ халқының рухани тарихында ислам діні мен ұлттық дүниетанымның өзара сабақтастығы айрықша орын алады. Ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, әдебиеті мен мәдениетіне ислам дінінің ізгілікке негізделген құндылықтары ықпал етті.
Үлкенді құрметтеу, ата-ананы қадірлеу, жетімге қамқорлық жасау, көршімен тату болу, аманатқа адалдық таныту, мұқтажға көмектесу секілді қасиеттер халқымыздың өмір салтынан берік орын алды. Бұл құндылықтар исламның көркем мінез бен ізгі амалға үндейтін қағидаларымен үндеседі.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, Алла әділдікті, ізгі іс жасауды және ағайынға жәрдемдесуді бұйырады», – дейді («Нахл» сүресі, 90-аят). Бұл аят исламның жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның рухани және адамгершілік негіздерін қалыптастырудағы маңызын көрсетеді»,-деді Бас мүфти.
Кездесу соңында Бас мүфти ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, өңірдің рухани дамуына бағытталған жұмыстарға береке тіледі.








ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
13.10.2026
352
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру