Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН «ӘЛ-ЫҚЫЛАС» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 09.10.2026 79 0 пікір
БАС МҮФТИ ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН «ӘЛ-ЫҚЫЛАС» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН ЖҮРГІЗДІ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына сапары аясында Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылындағы «Әл-Ықылас» мешітінде жұма уағызын жүргізді.

«Дүние – тіршіліктің, бейнет пен кәсіп етудің мекені. Бұл дүниеде тек ақырет қамымен ғана айналысып, күнкөріс қамын мүлде тәрк ету мүмкін емес. Керісінше, күнкөріс – ақыретке жеткізетін себеп әрі оған жәрдемші. Өйткені дүние – ақыреттің егістігі әрі оған жеткізетін баспалдақ. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын) бұл мәселені үш топқа бөліп қарастырады:

Бірінші: күнкөріс қамын ақырет қамынан артық қойған адам. Мұндай адам құрдымға кетушілердің қатарында. Екінші: ақырет қамын бұл дүние ісінен артық қойған. Мұндай адам құтылушылардың қатарында. Үшінші: орта жолды ұстанған адам. Ол күнкөріс қамын ақыреті үшін атқарады. Мұндай адам орта жолды ұстанушылардың қатарында.

Адам баласы тіршілікте ризық-несібесін іздеп, адал еңбек етуі қажет. Алайда күнкөріс жолында шектен шығып, бүкіл күш-жігерін тек дүние жинауға жұмсау немесе ешқандай әрекетсіз өзгеге масыл болу дұрыс емес. Сондықтан мұсылман адам дүниелік қажеттіліктерін ақыретіне жеткізетін себеп деп біліп, кәсіп пен еңбекте шариғат белгілеген әдептерді сақтауы тиіс.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың саған жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Жер бетінде бүліншілік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді», – деген («Қасас» сүресі, 77-аят)», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан соң Бас мүфти еліміз бен жеріміздің игілігі үшін арнайы дұға жасады.







Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру