Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҮШ ОБЛЫСҚА ЖАҢА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 25.09.2026 1153 0 пікір
ҮШ ОБЛЫСҚА ЖАҢА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына жаңа Бас имамдар тағайындалды.

Бас мүфтидің бұйрығына сәйкес, Павлодар облысының Бас имамы болып Жұманазар Садырханов, Ақмола облысының Бас имамы болып Серік Халықов, ал Солтүстік Қазақстан облысының Бас имамы болып Аян Алыпқашев тағайындалды.

Павлодар облыстық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде өткен тағайындау рәсіміне ҚМДБ Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Евфратұлы қатысып, жұма намазына жиналған жамағатқа Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, тиісті бұйрықты оқып берді.

Жұманазар Садырханов бұған дейін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы қызметін атқарған. Құран Кәрімді толық жаттаған қари, «Нұр-Мүбарак» университетінің дінтану мамандығы бойынша магистрі, ҚМДБ жанындағы Қарилар алқасының мүшесі.

Ақмола облысында өткен тағайындау рәсіміне ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдаұлы қатысып, өңірдің дін қызметкерлері мен мешіт жамағатына Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, бұйрықты таныстырды.

Серік Халықов бұған дейін Көкшетау қаласындағы облыстық «Науан хазірет» мешітінде ұстаз қызметін атқарған. «Нұр-Мүбарак» университетінің исламтану мамандығын тәмамдап, әл-Азһар университетінде білімін жетілдірген.

Солтүстік Қазақстан облысында ҚМДБ Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сүйерқұлұлы Бас мүфтидің бұйрығын оқып, жамағатқа жаңа Бас имам Аян Алыпқашевты таныстырды.

Аян Алыпқашев 2012 жылдан бері Петропавл қаласындағы «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы қызметін атқарып келген. «Нұр-Мүбарак» университетінің исламтану факультетін тәмамдаған, Түркияда имамдардың білімін жетілдіру курсынан өткен.

Тағайындау рәсімдері барысында осы уақытқа дейін өңірлердің Бас имамы қызметін атқарған Жолдас Қоспақұлына, Қуаныш Жұмабайұлына және Хамзат Қажымұратұлына аймақтардағы дін қызметінің дамуына қосқан үлестері үшін ҚМДБ атынан алғыс білдірілді.

Сондай-ақ мешіт жамағаты атынан ақсақалдар жаңадан тағайындалған Бас имамдардың қызметіне сәттілік тілеп, бата берді.












Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру