Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АСТАНАДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІНДЕ ЖАҢА КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 30.08.2026 101 0 пікір
АСТАНАДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІНДЕ ЖАҢА КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Астана қаласында «Адалдық – Пайғамбар (ﷺ) өсиеті» атты рухани Мәуліт кеші аясында «Мүфтият» баспасынан жарық көрген бес жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Атап айтқанда,«Мәулітті атап өтудің шариғи дәлелдері», «Пайғамбарымыздың балалық шағы», « Ислам және Адал қоғам», «Әжемнің насихаты», «Жұма уағызы» (6 том) атты еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты тұсаукесер рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен бірге халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Жабал Ерғалиев, Әлихан Байменов, ҚР Дін істері комитетінің төраға орынбасары Мақсат Раманқұлов жаңа кітаптардың тұсауын кесті.

Алғашқы кітап«Пайғамбарымыз Мұхаммедтің мәулітін атап өтудің шариғи дәлелдері».

Бұл еңбекте Пайғамбарымыздың дүниеге келуі, өмірбаянына қатысты тарихи деректер және мәулітті атап өтудің шариғаттағы орны қарастырылады. Құран аяттары, сахих хадистер, сахабалар мен табиғиндердің сөздері және ислам ғалымдарының еңбектері негізінде мәуліттің мәні мен оған қатысты шариғи дәлелдер талданған.

Келесі кітап«Мұхаммед Пайғамбардың балалық шағы».

Бұл кітап жас оқырмандарға арналған, ардақты Пайғамбарымыздың  балалық шағындағы тағылымды оқиғаларды баяндайды. Оның бойындағы сабырлылық, мейірімділік, әділдік, қайырымдылық, сыпайылық пен кішіпейілділік секілді асыл қасиеттер жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылады.

Пайғамбарымыздың  өмірін бала кезінен таныған ұрпақ оның көркем мінезін жүрегіне сіңіріп өсетіні сөзсіз. 

Ал «Әжемнің насихаты» атты үшінші кітапта ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық-адамгершілік құндылықтар кеңінен қамтылған.

Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, адал еңбек ету, білімге ұмтылу, бауырмалдық пен мейірімділік – Ислам діні де, халқымыздың дәстүрлі тәрбиесі де жоғары бағалаған қасиеттер.

Бұл кітап жас ұрпақты ата-баба мұрасын қадірлеуге, отбасы құндылықтарын қастерлеуге және адамгершілік жолын берік ұстануға үндейді. 

Төртінші кітап – «Ислам және адал қоғам».

Адалдық – мұсылманның көркем мінезінің негізі әрі қоғамның берік іргетасы. Бұл еңбекте Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың сүннеті негізінде адалдық ұғымы, имандылық, көркем мінез, отбасы құндылықтары және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері баяндалады.

Сонымен қатар бұл кітап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің авторлығымен жарыққа шығып отыр. 

Ал бесінші кітап – «Жұма уағызы» жинағының VI томы.

Бұл жинаққа еліміздің барлық мешіттерінде 2025 жылы жұма уағыздарында айтылған тақырыптар енгізілген. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері, ғалымдардың тағылымды өсиеттері, ақын-жырауларымыздың нақыл сөздері мен халқымыздың даналық ойлары қамтылған.

Айта кетейік, Бас мүфтидің бастамасымен 2020 жылы «Мүфтият» баспасы құрылып, осы уақытқа дейін мұсылман қауымының діни сауатын арттыруға және рухани қажеттілігін өтеуге бағытталған кітаптар жарық көріп келеді.










Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру