Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКИЯ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 05.08.2026 213 0 пікір
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКИЯ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия Республикасына жұмыс сапары барысында Түркия Дін істері басқармасының Төрағасы, профессор, доктор Сафи Арпагушпен кездесті.

Кездесуде Бас мүфти Сафи Арпагушті жаңа қызметімен құттықтап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия Дін істері басқармасы арасындағы бауырластық байланыстар мен рухани серіктестіктің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті.

Аталған кездесуге Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сапиев, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегация мүшелері қатысты.

Бас мүфти Түркияда Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған ғылыми-танымдық конференция өткізуді, ҚМДБ жанындағы Уақып қорының жұмысын дамыту мақсатында тәжірибе алмасуды және дін қызметкерлеріне қырағат пен мақам бойынша арнайы курс ұйымдастыруды ұсынды.

Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы «Хасеки» академиясында қазақстандық шәкірттердің білім алуына көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін ризашылығын білдірді. 2013 жылдан бері аталған академияны 129 қазақстандық шәкірт тәмамдағанын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасы аясындағы ортақ жобаларды жүзеге асырып, екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.



Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру