Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау» тақырыбында жұма уағызын айтты.
«Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау» деген ұғым ислам дінінде «Ихсан» деп аталады. Бұл ілім де діннің негізгі тірегі саналады. Яғни дінімізде ихсан үш негіздің бірі ретінде қаралады, олар: иман (сенім), ислам (амал), ихсан (шынайылық). Иман жүректегі сенім болса, ислам – сол сенімді іс-әрекетпен дәлелдеу деген сөз. Ал ихсан сол амалдарды ең көркем түрде, таза ниетпен орындауды білдіреді. Айталық, бір адамның намаз оқыған кезде, оны шын ықыласпен Алланың құзырында тұрғанын сезініп оқуы, сол сияқты біреуге көмектесер болса, мақтану үшін емес, шынайы мейіріммен көмектесуі, міне, бұл ихсан іліміне жатады.
«Ихсан» сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды білдірсе, шариғаттағы мағынасы бір істі қолға алғанда оны «ең әдемі, кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Алла Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі осы – ихсан ілімі.
Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», – дейді («Нахл» сүресі, 90-аят)»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.










Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру