Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ЖҮРГІЗДІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 05.06.2026 362 0 пікір
БАС МҮФТИ АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ЖҮРГІЗДІ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласындағы Орталық мешітте жұма намазын жүргізді.

Бас мүфти күндердің сұлтаны жұмада мешітке жиналған жамағатқа «Жетімге қараудың сауабы» тақырыбында жұма уағызын айтты.

«Исламның алғаш жылдары бірінен соң бірі түскен аяттарда Алла Тағала жетімдерге жақсылық жасауды бұйырып, олардың ақысын жеуден қатаң сақтандырған. Алла Тағала ең алдымен ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаратып былай дейді: «Ол сені жетім күйде тауып, паналатпады ма? ... Ендеше, жетімді қорлама!» («Дұха» сүресі, 6-9 аяттар).

Алла Тағала бұл жерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балалық шағын еске салады. Ол әлі құрсақта кезінде әкесі Абдулладан, ал 6 жасында анасы Әминадан айырылып, толықтай жетім қалды. Алла Тағала оны жалғыз қалдырған жоқ. Алдымен мейірімді атасы Әбдімүтәліптің, кейін қамқор көкесі Әбу Тәліптің жүрегіне Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген ерекше сүйіспеншілік ұялатты. Жастайынан жетімдіктің дәмін татқан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «сәйиду әл-әйтам» яғни «жетімдердің мырзасы» деп аталған. 

Ибн Кәсир бұл аятты: «Алла Өзі саған қамқоршы болып, адамдардың арасынан ең сенімді пана тауып берді», – деп түсіндіреді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан кейін ҚМДБ Төрағасы жамағатпен бірге дұға жасап, Алла Тағаладан еліміз бен жеріміздің тыныштығын, амандығын тіледі.

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру