Қажылық парызын өтеген қазақстандық қажылардың алғашқы легі қасиетті Медина қаласынан елге аттанды. Әуежайда отандастарымызды Қазақстан қажылық миссиясының өкілдері шығарып салып, ақ жол тілеп, қасиетті сапардан алған рухани әсерлері мен игі амалдарының өмірлеріне береке болып жалғасуын тіледі.
Қажылық маусымы барысында Қазақстан қажылық миссиясы мен отандық туроператорлар қажыларға жан-жақты қызмет көрсетіп, олардың құлшылықтарын талапқа сай әрі қауіпсіз орындауына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс атқарды. Сондай-ақ қажыларға діни-ағартушылық, медициналық және ұйымдастырушылық қолдау үздіксіз көрсетілді.
Қажылар өз кезегінде қасиетті сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, Қазақстан қажылық миссиясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің тиісті мекемелеріне ризашылықтарын білдірді.
Қажылық – мұсылман баласының рухани кемелденуіне, сабыр мен тақуалыққа тәрбиелейтін ұлы ғибадат. Осы қасиетті сапар барысында отандастарымыз елдің амандығы мен бірлігіне, халқымыздың тыныштығы мен өсіп-өркендеуіне дұға жасап, Қазақстанның игілігі үшін ізгі тілектерін арнады.
Алдағы күндері қалған қажылар да бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен елге оралады. Қазақстан қажылық миссиясы олардың елге аман-есен жетуін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.
Алла Тағала барша қажылардың қажылықтарын қабыл етіп, екі дүниенің игілігін нәсіп етсін. Әмин.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
03.06.2026
219
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру