Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Астана қаласында Қарилар алқасының кезекті отырысы өтті.
Жиын Құран оқумен басталып, күн тәртібіне сәйкес өзекті мәселелер қаралды. Басқосу барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Заманауи қоғамда Құран ілімін насихаттаудың стратегиялық маңызы» тақырыбында баяндама жасап, рухани ағартушылықтың маңызын атап өтті.
«Қазіргі қоғам – ақпарат ағыны жылдам, құндылықтар алмасып жатқан кезең. Осындай уақытта Құран ілімі рухани бағдарымыздың темірқазығы болуы тиіс. Біз жастарымызды түрлі ағымдардан, теріс идеологиялардан қорғаудың ең тиімді жолы - оларға Құранды дұрыс үйрету, оның мағынасын санасына сіңіру. Құранды тек жаттап қана қоймай, оның мәнін түсініп, өмірде қолдана білетін буын қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз.
Осы ретте қарилар дайындау орталықтарының рөлі ерекше. Бұл орталықтар Құранды жатқа білетін қариларды ғана емес, оны жүрегімен сезінетін, қоғамға жеткізе алатын тұлғаларды тәрбиелеуі тиіс. Сондықтан бізге бұл бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеру қажет»,-деді Бас мүфти.
Сонымен қатар, Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов Құран жаттау орталықтарының жаңа жарғысын таныстырып, әдістемелік ережені бекіту мәселесін ұсынды.
Құран секторының меңгерушісі Серік Ахмет Серік Рамазан айының қорытындысы мен байқауларды ұйымдастыру тәртібімен таныстырса Теміржан Мұратов қариларды даярлау ісінің қазіргі жағдайы мен болашағына тоқталып, саладағы өзекті бағыттарды атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
05.05.2026
495
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру