Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған сапарында осы елдегі Ислам қауымдастығының төрайымы Гөлтен Бедретдин ханыммен кездесті.
Кездесуде екі жақты байланысты арттырудың, діни ағарту бағыты бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы сөз болды.
Басқосуда Бас мүфти: «Ислам – бірлік пен бауырмалдықтың діні. Қай елде өмір сүрсек те, бізді біріктіретін ортақ сенім, ортақ құндылықтар бар. Алла Тағала қасиетті Құранда мұсылмандарды бір үмбет ретінде сипаттайды. Сондықтан біздің ең басты міндетіміз – осы бірлікті сақтау және нығайту.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Маида» сүресінің 2-аятында: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар...» дейді. Сондықтан біз Ислам дінінің баға жетпес құндылықтарын насихаттау, жастарға дұрыс діни тәрбие беру, радикалды және жат ағымдардың алдын алу сынды бағыттар бойынша жұмыстарда бір-бірімізге көмекші болуы керек.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үшін дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттау басты бағыттардың бірі. Біз ата-бабаларымыз ұстанған ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебін негізге ала отырып, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға күш салып келеміз.
Осы ретте, сіздермен тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар жүзеге асыру, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастықтың негізі болмақ. Сондықтан біз мұсылман ретінде тек құлшылықпен ғана емес, өз іс-әрекетімізбен де дініміздің көркемдігін көрсетуіміз қажет.
Бұл кездесу өзара түсіністік пен бауырластықты нығайтуға бағытталған игі қадам деп санаймын. Алдағы уақытта да осындай байланыстарымыз жалғасып, ортақ игілік жолында бірлесе қызмет етеміз деп сенемін» деді.
Гөлтен Бедретдин ханым Қазақстанда өткен конференцияларға қатысқанын, қазақ жерінде дінаралық татулық пен достық берік орнағанын атап өтті. Басқосу барысында тараптар діни ағарту бағытында ықпалдасып қызмет етуге уағдаласты.








ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
28.03.2026
1327
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру