Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Арыс: Бас имам қарияларды Ораза айтпен құттықтады

Арыс қалалық баспасөз қызметі 22.03.2026 903 0 пікір
Арыс: Бас имам қарияларды Ораза айтпен құттықтады

Түркістан облысы Арыс қалалық орталық «Ысқақ» мешітінің бас имамы Абдікәрім Абдукамал бастаған қала имамдары Арыс қаласындағы батагөй қарияларды зиярат етіп, Ораза айт мерекесімен құттықтап қайтты.

Имамдар қаяу көңілді сергітер жылы лебіз білдіріп, Ораза айттың маңыздылығы, сауабы мол ұлық мереке жайында сөз қозғады.

«Ибн Хиббан хадис кітабында: «Берекет араларыңдағы үлкендермен бірге» деп жазса, біздің қазақ «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп қарияны үлкен байлыққа теңейді. Ахмед, Табарани хадис кітаптарында, Убада бин Сомит (р.а.) риуаятында: «Үлкендерді құрмет етпейтін, жастарға мейірім танытпайтын, ғалымдарының қадірін білмейтін – менің үмбетімнен емес» деп айтылған. Әр шаңырақта өнегелі ұрпақтың өрелі биігінің кепілі болған ақсақал-қарияларымызға, ақ жаулықты әжелерімізге амандық тілейміз» деді бас имам Абдікәрім Абдукамал.

Қарияларға айттық сыйлықтар табыстап, Алладан денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй тілеп дұға жасады. «Көрегенді дін қызметкерлері біз секілді қарияларға келіп, сәлемдерін жеткізіп, елеп-ескеркергендеріне марқайып, көңіліміз көтеріліп қалды. Имандылық тақырыбындағы әсерлі уағыз-әңгімелеріңіз жігер беріп, насихаттарыңыздан қуат алдық» деп ақсақалдар ризашылығын білдірді.

Ораза айтпен құттықтап, ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасалды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру