Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына сапары аясында облыстық «Түркістан-Ахмет Яссауи» орталық мешітінде айт намазын жүргізіп, жамағатқа уағыз айтты.
Бас мүфти жамағатты ораза айтпен құттықтап, мұсылманның Рамазаннан кейінгі рухани жағдайы қандай болуы керектігіне тоқталды.
«Күні кеше ғана Рамазан айы басталып, жарапазан айтып, қасиетті айдың кіруімен құттықтап едік, бүгін мінекей Рамазан айы аяқталып, өздеріңізбен айт мерекесінде қауышып отырмыз. Биылғы ораза айтымыз жұма күні мен әрі әз наурыз мерекесімен бірге ұштасып келуімен ерекше.
Айт сөзі «әл-ғиду» деген сөзден шыққан. Ол «мейрам», «мереке», «қуаныш», «шаттық» деген мағыналарды білдіреді. Ораза айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке.
Бұл күні бір айы бойы ораза ұстап, тарауық намаз оқып, мінәжат жасаған көпшілік қасиетті аймен қимай қоштасып, күн найза бойы көтерілісімен айт намазын оқуға жиналады. Айт күні көтеріңкі көңіл күймен жүріп, жақындарды зиярат етіп, Алла Тағалаға көп тәкбір (яғни, Аллаһу әкбар) сөздерін айтқан жақсы. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 183-184-аяттарында оразаның парыз екенін айтып және оның үкімдерін баяндағаннан кейін, осы сүренің 185-аятында: «Ендеше қаза болған күндерді толықтырып, өздеріңді тура жолға салғаны үшін Алланы ұлықтап, шүкірлік етерсіңдер», – деп айтқан»,- деді ҚМДБ Төрағасы.
Бұдан кейін Бас мүфти жамағатпен бірге айт намазын оқып, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін арнайы дұға жасады.



















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
20.03.2026
956
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру