Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облысына барған сапарында Атбасар ауданындағы «Атбасар» мешітінде жамағатқа жұма уағызын айтты.
Бас мүфти жұма уағызында: «Қазір ақпараттық технология күн сайын дамуда. Бірақ цифрландыру, онлайн қызметтердің дамуы арқылы алаяқтықтың жолдары да түрленіп, адамдарды алдап, олардың дүние-мүліктеріне қол салу әрекеттері де көбеюде. Сондықтан да осы бір күнәлі істің зиянын баяндау, жаман пиғылды адамдардың құрбаны болуымыздан сақтануымыз үшін бүгінгі жұма уағызымыз «Алаяқтық – үлкен күнә тақырыбына арналып отыр.
Қоғамда берекетсіздік туғызып, адамдардың ақысы желініп, бір-бірінің сенімнің жоғалуына әсер ететін күнәлі істердің бірі – алаяқтық. Асыл дінімізде өзге адамның дүние-мүлкіне қол салу харам етілген істерден. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 188-аятында: «Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді жалған жолмен жемеңдер», – деп ескерткен. Алла Тағала баршамызды мұндай үлкен күнәлі істерден сақтасын» деп атап өтті.
Жұма намазынан кейін Құран оқылып, Бас мүфти ел игілігі үшін арнайы дұға жасады.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру