Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен «Дінім – діңгегім, дәстүрім – қазынам» рухани мәуліт кешіне қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
Алдымен рухани кеш Құран аяттары және Мәуліт жырын оқумен басталып, жиналған көрермен тіке тұрып Пайғамбарымызға салауат пен сәлем жолдады. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.
Бұдан кейін Бас мүфти ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі жөнінде тоқталып: «Адамзаттың ардақ тұтар ұстазы, жер бетіне рақым етіп жіберілген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша адамзат үшін көркем мінез бен әдептің, жоғары адами құндылықтардың кемел үлгісі бола білді. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Ахзаб» сүресінің 21-аятында: «Расында сендер үшін Алла Елшісінің бойында көркем үлгі-өнегелер бар», – деп айтылған. Демек, Мұсылмандықты дұрыс ұстанып, дін үкімдерін лайықты деңгейде атқаруды қалаған әрбір жан Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандарына бағынып, ісін үлгі ете білуі қажет.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздер үшін үлгі ретінде көрсеткен маңызды істерінің бірі – әр ұлт өзінің дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеу. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының Исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыпының сол қалпында қолданылуына тыйым салған жоқ. Қайта адамдар арасында қолданылуына мән берді.
Тіпті Ханафи мазһабында шариғат ережесіне сай келген ғұрып шариғи дәлел ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыда ғалымдарымыз қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятындағы: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген аятты алға тартқан» деді.
Айта кетейік, кеш барысында театр әртістерінің қатысуымен дін мен дәстүрімізді дәріптейтін мағыналы, әсерлі қойылымдар сахналанып, қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнері жұлдыздары Пайғамбарымызға арналған және жас пен кәріге насихат болатын жыр-термелерді орындады. Рухани іс-шара соңында билеттен түскен қаражат «Мәуліт сыйы» ретінде талантты, ерекше дарыны және білімімен көзге түскен елордалық оқушылар мен студенттерге табысталды. Сонымен қатар, көрермендер арасында ұтыс ойнатылып, Астана қаласының тұрғынына ұмра қажылығына жолдама бұйырды. Ерекше атап өтетін жайт, кеш қонақтарының Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолымен VR технологиясы арқылы танысуына мүмкіндік берілді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру