Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласының Орталық мешітінде жұма уағызын айтты.
Жамағатқа «Мұсылманның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндеттері» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Асыл дініміз біздерге Жаратушымызға қатысты міндеттерімізді үйретіп, оның бұйрықтарын орындап, тыйыл дегендерінен тыйылуымызды баян етумен қатар қоғамда өзге адамдарға деген жауапкершілік міндеттерімізді де жүктейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында: «Уа, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Расында Алла бүкіл істі толық білуші, әр нәрседен хабардар», – деп айтқан.
Қоғам деп – мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас деп білетін адамдар тобын айтамыз. Мұсылман адам қоғамда өмір сүргендіктен өзге адамдардың алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін білуі қажет» деді.
Жұма намазынан кейін ҚМДБ Төрағасы Алматы Орталық мешітінің жамағатымен бірге дұға жасап, Алла Тағаладан еліміз бен жеріміздің тыныштығын, амандығын тіледі.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру