Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҮФТИЯТТА АСАБАЛАРМЕН ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 18.11.2026 168 0 пікір
МҮФТИЯТТА АСАБАЛАРМЕН ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Астана қаласының асабаларымен «Той – бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты рухани кездесу өтті. 

Шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист, диктор Зейін Әліпбек, той жүргізушілері мен ҚМДБ қызметкерлері қатысты.

Жиында соңғы жылдары қоғамда көрініс тапқан тойдағы артық шығын, өзара бәсеке, орынсыз ысырап, аста төк тамақ, бейәдеп ойындар секілді ауқымды мәселер талқыланды.

Бас мүфти кездесуде еліміз ежелден қуанышын ағайын-туысқа бөлісіп, той жасайтын халық екенін алайда қазіргі кезде той тойлау мәдениеті жарысқа, мақтанға айналып бара жатқанын жеткізді.

«Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған.

Той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі. Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу барысында келген асабалар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

















Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру