Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МӘУЛІТ АЙЫ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 16.09.2023 3852 0 пікір
МӘУЛІТ АЙЫ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
 

   Құрметті мұсылман қауым! Қадірлі отандастар!
 

Баршаңызды ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айы қасиетті Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасыға бақ пен береке, игілілік пен бірлік тілеймін! Алла Тағала сіз бен бізді өзіне лайықты құл, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуды нәсіп еткей! Әмин!

Мәуліт айы – Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін, сауапқа толы сүннет амалдарын халыққа насихаттаудың, дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтылып, мәуліт жыры оқылады.

Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту – сауапқа кенелу амалы. Мұсылман баласы Аллаға мадақ айтумен қатар, Оның Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем жолдайды. Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деп әмір еткен. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады» деген.

Тағы бір хадисте: «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді» делінген. Біз бұл хадистен салауат айтқан адам өзіне жақсылық жасағанмен тең екенін түсінеміз. Себебі, біз салауат айту арқылы Алланың бізге салауат айтуына және бес күн жалғанда біліп-білмей істеген қате-кемшіліктеріміз бен күнәларымыздың кешірілуіне, сонымен қатар дәрежеміздің он есе көтерілуіне себепші боламыз.

Бүкіл әлемге мейірім, үлгі-өнеге ретінде жіберілген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін жаңғырту – сауапты амалдың бірі. Алла Тағала баршамызға ұл-қыздарымыз бен ұрпақтарымызға үлгі болар өнегелі өмір нәсіп етсін! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру