Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ «ІЗГІЛІК ЖАРШЫСЫ» МЕДИАФОРУМЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 21.06.2022 2423 0 пікір
БАС МҮФТИ «ІЗГІЛІК ЖАРШЫСЫ» МЕДИАФОРУМЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратындағы «әл-Фараби» залында өтіп жатқан «Ізгілік жаршысы» республикалық медиафорумында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы алқалы жиынға қатысып отырған БАҚ жетекшілері мен медиа өкілдеріне риясыз ризашылық ниетін жеткізе келіп, бүгінгі форум мүфтияттың ақпарат саласындағы жұмысына серпін береді деген сенім білдірді.

Бас мүфти қазақ халқы ежелден сөзді қастерлегенін, сөздің парқын айыра білуге баулығанын айта келіп, сөз ұстаған, қаламның қасиетін ұғынған жандар дін тақырыбын қозғарда аса абай болуы керектігін тілге тиек етті. «Дін нәзік мәселе болғандықтан, бұл тақырыпқа асқан жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені адамның сенімі – оған қайрат беретін күш әрі пенденің ең әлсіз тұсы. Сондықтан біреудің сенімін қорлаудан артық қиянат жоқ» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы ақпарат алаңында түрлі кереғар пікірлердің, пікірталастардың болып жататынын, алайда сондай пікірталастардың адамның жеке басына тиісу, діни сенімін мансұқтау, абыройын төгу секілді бағыт алып кететініне қынжылып, көркем пікірталастардың көрініс таппай жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Жақсы сөз сөйле немесе үндеме», – деген. Пайғамбардың осы өнегесі бар әрбір түйсікте жаңғырып тұрса дейміз. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 6-аятында: «Әй, мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер», – дейді. Алла Тағала жоғарыдағы аятта кез-келген жағымсыз хабарды елге жаймас бұрын, алдымен анықтап алуды бұйырды. Әйтпеген жағдайда елге кесірі тиіп, өкініш арқалайтынын ескертіп отыр. Бұрын бабаларымыз ел ішін бүлдіретін жантүршігерлік сұмдық сойқандар мен қаражүрек қиянаттарды «мал құлағы саңырау» деп, тамыр алып, таралып кетуінен сақтанып, елге жаймайтын. Өкінішке қарай қазір адам құлағына ауыр естілетін, төбе шашыңды тік тұрғызатын жеккөрінішті һәм жиіркенішті істер арамшөптей қаулап өршіп бара жатқаны жаныңды ауыртады» деді Бас мүфти.

Сөзінің соңында ҚМДБ Төрағасы бабаларымыздың дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір салтын қалыптастырғанын алға тартып, қалам ұстаған қауымды ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік құндылықты көбірек насихаттауға шақырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру