Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ДІНИ БАСҚАРМАНЫҢ МЫСЫРДАҒЫ ЖАУАПТЫ ӨКІЛІН ҚАБЫЛДАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 14.04.2021 1293 0 пікір
БАС МҮФТИ ДІНИ БАСҚАРМАНЫҢ МЫСЫРДАҒЫ ЖАУАПТЫ ӨКІЛІН ҚАБЫЛДАДЫ (ФОТО)

Елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың Мысыр Араб Республикасындағы жауапты өкілі Руслан Серғазиевті қабылдады.

Кездесуде Бас мүфти Мысырдағы жауапты өкілдің жұмыс жоспарымен танысып, бағыт-бағдар берді.

«Бірер ай бұрын Мысыр жеріне жолымыз түсіп, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысып қайттық. Каирде оқып жатқан шәкірттермен жүздесіп, жағдайларын білдік. Өзіңізді «білімнің құбыласы» атанған әйгілі әл-Азһар университеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасындағы алтын көпір болсын деген сеніммен жауапты өкіл етіп тағайындадым. Сол кезде де айтқанымдай, Діни басқарма шетелде оқып жатқан шәкірттерді рухани һәм әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Баршасын Мысыр елінде толыққанды білім алып, елге оралып, қоғам игілігі үшін қызмет етуге шақырамын. Білімді, зияткер жастардың елге қызмет етуі біздегі кадр әлеуетін арттыра түспек. Өзіңнің де дін жолындағы қызметіңе береке тілеймін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде Руслан Амантұрсынұлы Бас мүфтиге Каирдегі шәкірттерге көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтып, студенттердің сәлемін жеткізді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Рамазан айы, Ораза мен Құрбан айт мерекелерінде атқарылатын тағылымды іс-шаралар туралы баяндап, алдағы уақытта да «Талаба» қауымдастығының жұмысын жетілдіруге атсалысатынын тілге тиек етті.  

Естеріңізде болса, Бас мүфти наурыз айында Мысыр Араб Республикасына жасаған ресми сапары барысында Каирде оқып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесіп, сұхбаттасқан болатын. Сондай-ақ «Талаба» қауымдастығының шәкірттеріне тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай 1 млн теңге қайырымдылық көмек көрсеткен еді.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі