Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ АЛМАТЫДАҒЫ ЖАҢА МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 25.09.2020 6150 0 пікір
БАС МҮФТИ АЛМАТЫДАҒЫ ЖАҢА МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты «Жас қанат» шағын ауданында «Абдулла» мешіті есігін айқара ашып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағамбет, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Кикимов, мешіт салуға атсалысқан кәсіпкер азаматтар, мешіт қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Мешіт жамағаты ашылу салтанатына келген қонақтарды шашу шашып күтіп алды. Істің басын бисмилламен бастайтын дәстүрімізге сәйкес, мешіттің ашылу рәсімі қаланың бас имамы Еркінбек Шоқайдың Құран оқуымен басталды. Ал Құранның батасын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жасады.

Сосын жаңа мешіттің лентасы қиылып, қонақтар құлшылық үйіне кірді.

Мешіттің ашылу салтанатына орай, алғашқы құттықтау сөзді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты. Бас мүфти өз сөзінде дініміздегі мешіт салудың сауабы мен қоғамның тұрақтылығына тигізер пайдасына тоқталды. Қасиетті Құранның «Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады» деген аятын тілге тиек етіп, мешіт салған елдің азаматтарына үлкен алғыс білдірді. Сөз соңында жаңа мешіт жастарға рухани тәрбие беретін және дәстүрлі дінімізді насихаттайтын имандылықтың ордасына айналсын деп тілек тіледі. «Абдулла» мешітінің бас имамы болып тағайындалған Мырзаев Тыныштықбайды жаңа қызметімен құттықтап, бағалы сыйлық тарту етті.

Ал Алматы қаласы Дін істері басқарасының басшысы Нұрлан Кикимов, ең алдымен қаладағы 52-ші мешіттің ашылуымен қонақтарды құттықтады. Қасиетті жұма күні жамағатқа есігін айқара ашқан «Абдулла» мешіті қаламыздың көркіне көрік қосатын ордалардың біріне айналғанын айтып, өз қуанышын жеткізді.

Сосын қонақтар жаңа мешіттің үш қабаты мен ауласын, дәрісхана мен дәретханасын аралап көріп, естелікке суретке түсті.

Қонақтар мешіттің ашылу салтанатының мерекелік дастарханынан дәм татты. Астың бас-аяғында Құран оқылып, сауабы марқұмдарға бағышталды. Дастархан басында жамағаттың үлкендері өздерінің ақыл-кеңестерін айтты. Өнерпаздар жырдан шашу шашты.

Бас мүфти өзіне берілген шапанды жамағаттың ішіндегі жасы үлкен ақсақалдың иығына жапса, Діни басқарманың Апппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы да өзінің сыйлығын дінімізге ұзақ жыл қызмет еткен Түрксіб ауданының бас имамы Мейірман Саттарқұлға құрметпен ұсынды.

Мешіт туралы ақпарат:

Жер көлемі 0500 г. болатын «Абдулла» мешіті 3 қабаттан тұрады: 1-қабат 558 шаршы метр (5 қызметкер бөлмесі); 2-қабат 380 шаршы метр (неке залы, дәрісхана); 0-қабат 550 шаршы метр. Мешіт асханасы бір уақытта 250 адамға дейін қызмет көрсета алады. Мешіт дәретханасын бір мезетте 54 ер азамат, 25 әйел кісі пайдалануына болады. Мешіт ауласындағы балаларға арналған ойын алаңқайы 100 шаршы метрді құрайды. Көлік тұрағы 80 көлікке арналған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру