Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ СМАНОВТАР ОТБАСЫНА КӨҢІЛ АЙТТЫ

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 01.07.2020 19746 1 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы "Сарыағаш" медресе-колледжінің директоры Әбдіғаппар Шәкірұлының қайтыс болуына байланысты Смановтар отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Сарыағаш" медресе-колледжінің директоры, белгілі дін жанашыры, бауырымыз Әбдіғаппар Смановтың қазасы туралы қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Бұл барша дін қызметкері мен жамағатқа ауыр тиген қайғылы хабар болды. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан Смановтар отбасына қайғыларыңызға ортақтаса отырып көңіл айтамын. 

Әбдіғаппар Шәкірұлының иманы өзіне серік болып, асыл дінімізді өркендету жолындағы әрбір амалы өзіне шапағат болғай. Марқұмның шәкірт тәрбиелеу, уағыз-насихат жүргізу, діни ағарту сынды ізгі істері сауабы үздіксіз жалғасатын амалдардың қатарында жазылғай.
Алла Тағала Әбдіғаппар Шәкірұлын рақымына бөлеп, жәннатын нәсіп еткей. Артында қалған ағайын-жұрты мен отбасына Алладан көркем сабыр тілеймін. "Тас түскен жеріне ауыр" десе де бұл қайғылы хабар баршамызға ауыр тиді. Жаратқан Жаббар Иеміз алдынан жарылқап, нығметке бөленген құлдарының қатарына қоссын деп дұға етеміз. Алды пейіш болғай.
Алла Тағала еліміз бен жерімізді жұқпалы дерттен аман етіп, осынау сынақты сәтті көркем сабырмен жеңетін күнді жақын еткей. Әмин" делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.

Сманов Әбдіғаппар Шәкірұлы

1970 жылы туған;
Еңбек жолы:
1994 жылдан бастап «Таяқты Ешан» мешітінде бас имам болып, осы мешіт жанындағы «Убай ибн Кааб» медресесінде ұстаздық қызметін қатар атқарды;
2010 жылдан бастап "Сарыағаш" медресесі директорының орынбасары қызметіне тағайындалды;
2016 жылы "Сарыағаш" медресе-колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды;
2016 жылы желтоқсан айынан бастап "Сарыағаш" медресе-колледжінің директоры лауазымын атқарды.

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Ердаулет Есмурзин | 01.07.2020 03:44

Имам ұстаз, Алла Тағала рақымына бөлесін, отбасына қайғыра көңіл айтамыз