Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен құрылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікерімұлы Ақтөбе облысына 2 күндік жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында өңір имамдарымен, мешіт жамағатымен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, «Уақып – үзілмес көпір» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – уақып мәдениетін насихаттау, оның шариғаттағы орны мен әлеуметтік маңызын түсіндіру, сондай-ақ қайырымдылық жүйесін дамыту жолдарын көрсету.
Семинарда «Уақып» ұғымының тарихи негізі мен ислам өркениетіндегі рөлі кеңінен баяндалды. Уақыптың қоғам игілігіне бағытталған қайырымдылық түрі екені, оның нәтижесінде мешіт, медресе, мектеп және аурухана сияқты нысандардың ғасырлар бойы халыққа қызмет етіп келе жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар, қордың әлеуметтік қолдау, діни білім беру және инфрақұрылымдық жобалар бағытындағы жұмыстары таныстырылды.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге уақып жасау арқылы қоғам дамуына үлес қосу мүмкіндігі түсіндіріліп, «Садақа жәрия» ұғымының маңызы хадистермен негізделді.
Семинар аясында «Қазақ Құран баспасы» жобасы таныстырылып, оның діни әдебиетті дамытудағы және халықтың діни сауатын арттырудағы рөлі атап өтілді.
Жиын соңында қатысушылар уақыпқа қатысты сұрақтарына жауап алып, оның рәсімделуі, ашықтығы мен есептілігі мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, қор директоры Азамат Әбдікерімұлы Ақтөбелік кәсіпкер Ақыл есімді азаматқа ҚМДБ «Уақып» қоры атынан «Уақыпнама» сертификатын табыстады. Аталған кәсіпкер облыстық мешіт жанынан «Руханият» дүкенін ашып, табысының бір бөлігін тұрақты түрде уақып қорына аударып келеді.









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
03.04.2026
617
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру