Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ИМАМДАР ФОРУМЫНА ҚҰТТЫҚТАУ ХАТ ЖОЛДАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 29.05.2023 4028 0 пікір
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ИМАМДАР ФОРУМЫНА ҚҰТТЫҚТАУ ХАТ ЖОЛДАДЫ (ФОТО)

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында басталған V республикалық имамдар форумына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы құттықтау хатын жолдады. Президентттің құттықтау хатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин оқып берді.

«Қадірлі қауым! Ардақты ағайын! Баршаңызды «Имам – ізгі қоғам жаршысы» атты имамдардың V республикалық форумының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Ислам – руханиятымыздың тірегі. Ата дініміз ізгілік пен адамгершілікке, жанашырлық пен жасампаздыққа негізделген. Осындай асыл құндылықтар қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елімізді өркендету ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды.

Адамзат өркениеті ғылым мен технологияның дамуымен ғана шектелмейді. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, руханият саласына баса мән беруіміз керек. Мүфтият ел тағдырына айрықша ықпал ететін осы жауапты жұмысқа белсене атсалысып келеді. Имамдарымыз халықтың діни сауатын арттыруға, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге және оны жат ағымдардың әсерінен қорғауға өз үлесін қосуда.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және барша дін қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосуда имамдардың беделін күшейтуге, ата дініміздің қоғамдағы рөліне қатысты маңызды ой-пікірлер айтылады деп сенемін.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Форумның жұмысы табысты болсын!» делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру