Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарағанды: Бейнеу мен Шетпеге 6000 түк шөп жіберілді

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі ihsan.kz 27.07.2021 542 1 пікір
Қарағанды: Бейнеу мен Шетпеге 6000 түк шөп жіберілді

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қиындықта ел бірге» қайырымдылық жобасы Қарағанды облысында жалғасын тапты.

Биылғы жауын-шашынның аз болуынан жерге шыққан көктің тапшылығы еліміздің бірқатар өңіріндегі мал шаруашылығына кері әсерін бермей қоймады. Қуаңшылықтың салдарынан көптеген мал басы зардап шеккен болатын. Осы орайда, уақытша сынақ пен қиындықты бастан кешіп жатқан қысылтаяң кезеңде қандас бауырларымызға жәрдем беру мақсатында Қарағанды облысына қарасты мешіттер мен дін қызметкерлері, ерікті жамағаты арнайы қайырымдылық асарын ұйымдастырып, төрт вагон шөп артылған көлікті Маңғыстау облысына қарасты Шетпе мен Бейнеуге аттандырды. Әр жүк көлігіне артылған шөптің мөлшері 1 500 түкке шақ. Жалпы мөлшері 6000 түк шөп жиналды.

Жауапкершілігі мол һәм сауапты шара барысында Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Қазкенұлы жүрегі елім деп соққан барша жомарт жандарға, демеушілік көмек көрсеткен азаматтарға үлкен алғысын білдіріп, алыс сапарға аттанғалы отырған жеткізушілерге ақ жол мен сәт сапар тіледі.

«Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп айтты» делінген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақта. Осы орайда халқым деп қандастарына қолдау көрсеткен жандарға айрықша алғысымызды білдіреміз» деді облыстың бас имамы.

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Yerbol Serikbay | 28.07.2021 02:31

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қиындықта ел бірге» қайырымдылық жобасы Қарағанды облысында жалғасын тапты.

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі