Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Құрбан айтта 3586 адамға ет жеткізді

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 26.07.2021 2662 0 пікір
Ақтөбе: Құрбан айтта 3586 адамға ет жеткізді

Ақтөбе облысының мешіттері қасиетті Құрбан айт күндеріндегі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп, көптеген мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек жасап, олардың алғысын алды.

Сайт арқылы Ақтөбеде жалпы саны – 113 төрт түлік малды құрбандық шалуға сенім білдірсе, qurban2021.kz сайтына 530 мұқтаж көмек сұрап өтініш қалдырған. Уәде етілгендей құрбан шалушылардың барлығына бейне есеп жолданды. Құрбан малдары шариғат талаптарына сай сойылып, мұқтаждарға үлестірілді. Сайтқа тіркелген 530 мұқтаждың 500-ге жуығына дерлік ет жеткізілді. Тізімдегі кейбір адам өтініш беру кезінде қателесіп, бірнеше рет өтініш берген. Сонымен қатар кейбірі байқаусызда басылып кеткен деп көмек алудан бас тартты. Ал, қалғандары мекен-жайын не телефонын дұрыс толтырмағандықтан кері байланыс орнату мүмкін болмады.

Бұдан өзге қала, аудан мешіттерінде құрбандық еттерін қабылдау пункттері қызмет етіп, үйден құрбан шалғандардың еттері қабылданды. Қашықтан құрбан шалу акциясы мен мешіттердегі қабылдау пунктеріне түскен еттерді қосып, онлайн және оффлайн қызметті есептегенде Ақтөбе облысы бойынша 603 төрт түлік мал шалынып, 3586 мұқтаж жанға 19 тонна 313 келі құрбандық еті таратылды.

Жекелекен мұқтаждардан бөлек «Чернобыль-Защита» АЭС апатынан зардап шеккен адамдардың аймақтық қоғамдық ұйымына – 80 келі, «Ақтөбе медресе» колледжіне – 120 келі, Ақтөбе қаласы қарилар даярлайтын қайырымдылық орталығына 170 келі құрбандық еті берілді.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті және қала мешіттері тарапынан құрылған жұмыс тобы «Айбек» мал сою орнында бірнеше топқа бөлініп қызмет етті. Бір топ – қасапшы, бата беруші және оператор. Екінші топ – еттерді жіліктеп, пакеттеуші. Үшінші топ – еттерді таратушы. Таңертең барлығының қызуын тексеріп кіргізген медицина мамандары мал сою кезінде барлық санитарлық талаптардың сақталуын қадағалады. ПД қызметкерлері мал сою орнының маңында тәртіптің сақталуы мен кісінің жиналмауын қамтамасыз етті. Еттерді бұзып алмай мұқтаждарға үлестіру маңызды іс болуы себепті қала әкімдігі арнайы тоңазытқышы бар 8 рефрижератор көлігін бөлді. Бұл таратушы топқа еттерді бұзып алмай белгіленген мекен-жайға жеткізуге мүмкіндік берді.

Полиция Департаменті, Дін істері басқармасы, Кәсіпкерлік басқармасы, Ветеринария басқармасы, Жедел жәрдем қызметі және «Айбек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі қызметкерлері аянбай еңбек етті. Сондай-ақ, облыс мешіттерінің қызметкерлері мен ерікті жамағаттан құралған жұмысшы топ ел аманатын ақтау үшін аянып қалмады. Онлайн тапсырыс қабылдау, көмек сұрағандарды тізімге алып жеке-жеке хабарласу, шатасып кетпей құрбан малына бата беру, видеоға түсіріп құрбан шалуға есеп жіберу, таразымен өлшеп теңдей бөліп пакеттеу, мекен-жайын дәл тауып етті жеткізу –жұмысшы топқа жүктелген жауапты міндет болды.

Сондай-ақ, Құрбан айт қарсаңында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры мен ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша жауапты мамандарының ұйымдастыруымен «Рамазан» ЖШС және «Айс» ЖШС кәсіпорындарының атынан 100 мұқтаж отбасыға азық-түлікпен қайырымдылық көмек көрсетілді.

Шалқар ауданы, Айшуақ ауылдық мешітінің ұйымдастыруымен Бегімбет-Шалқар бағытында 4 көлік тегін такси қызметін жасады. Аталмыш мешіт имамы балаларға 350 балмұздақ таратса, Қобда аудандық «Шәріп Молда» мешіті 200 балмұздақ, Ақтөбе қаласы, «Қайырқожа» мешіті 100 балмұздақ үлестірді. Ақтөбе қаласы, «Қабақ баба» мешіті Құрбан айтқа байланысты сұрақ-жауап сайысын өткізіп, жеңімпаздарға сыйлықтар таратты. Көптеген мешіттерде айттық пакеттер таратылып, облыстағы 35 мешітке мерекелік баннерлер ілінді.

Осылайша, облыс бас имамы Серікжан Еншібай бастаған жұмыс тобы қашықтан құрбан шалу шарасының сәтті аяқталуына шүкір айтып, барша азаматтарға алғысын жеткізді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру