Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАЛДЫҚОРҒАН ӨҢІРІНЕ ЖАҢА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)

Талдықорған қаласының орталық «Иман» мешіті taglym.kz 24.07.2021 4110 0 пікір
ТАЛДЫҚОРҒАН ӨҢІРІНЕ ЖАҢА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Талдықорған өңірінің бас имамы болып Алмас Данағұлов тағайындалды. Ол – бұған дейін Алматы облыстық «Иман» мешітінің наиб имамы және Талдықорған қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы қызметін қатар атқарған тәжірибелі дін қызметкері.

Жаңадан тағайындалған бас имамды Талдықорған жамағатына ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет таныстырды.

Бұдан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерін қабылдады. Кездесуде Нұрбек Әуесханұлы Алматы облысы әкімдігінің дін істеріне деген жанашырлығын ризашылықпен жеткізе келе:

«Қайырымдылық іс-шаралары бойынша Алматы облысы алдыңғы қатарда. Мәселен «Ел үлесі – пәтерге» жобасының аясында республика бойынша мұқтаждарға барлығы 438 баспана алып берілсе, соның 78-і осы Алматы облысында жүзеге асырылды. Бұл – еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш. Аймақтағы бас имамдарымыз бен дін қызметкерлерінің өздеріңізбен бірлесіп атқарған елеулі жұмыстары әлі де жемісін береді деп сенемін. Ардақ Оразбаевтың басқа қызметке ауысуына байланысты Бас мүфти бұйрығымен өздеріңізге етене таныс дін қызметкері Алмас Данағұлов Талдықорған өңірінің және орталық «Иман» мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды» деді.

Қонақтарды жылы қабылдаған облыс әкімі Амандық Баталов күні кеше ғана мұсылмандардың қасиетті мерекесі Құрбан айтты жоғары деңгейде өткізгендерін атап өтті.

«Алматы облысы – өте үлкен аймақ. Екі миллионнан астам тұрғыны бар. Біз үшін ең басты байлық – халықтың бірлігі, тыныштығы. Біз бүгінге дейін ҚМДБ-ның Талдықорған өңіріндегі бас имамы Ардақ Оразбаевпен бірлесіп көп жұмыс атқардық. Қаншама игі істерге ұйытқы болдық. Мұндай жұмыстарды біз алдағы уақытта да жалғастырамыз» деді облыс әкімі А.Баталов.

Сондай-ақ аймақ басшысы Талдықорған өңірінің бас имамы қызметін абыроймен атқарған Ардақ Нүсіпханұлына ризашылығын білдіре келе, алдағы қызметіне сәттілік тілеп, «Құрмет» грамотасын табыстады. Ал бес жылға жуық өңірдің бас имамы қызметін атқарған Ардақ Нүсіпханұлы облыс әкімі мен өңір халқына айрықша алғысын білдіріп, Алмас Данағұловқа сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда Алматы облысында 476 мешіт жұмыс істесе, 578 имам дін жолында қызмет етіп келеді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру