Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскемен: Қаламгерлер кітаптарын тарту етті

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі 01.05.2021 2739 0 пікір
Өскемен: Қаламгерлер кітаптарын тарту етті

Қасиетті Рамазан айында Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің кітапханасында аймақтың зиялы қауымы бас қосты.

Жиынға келген ақын-жазушылар мен журналистерге Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфтидің Рамазанмен құттықтауын жеткізді. Шара барысында Өскемен қаласында тұратын ақын-жазушылар өз кітаптарын мешіт кітапханасына тарту етті.

 Жиында Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Рухани жаңғыру аясында мешітімізде облыс басшысының қолдауымен осындай кітапхана ашылғаны өздеріңізге белгілі. Біз бұл кітапхананы діни кітаптармен қатар ұлттық әдебиетіміздің туындыларымен байытуды қолға алып отырмыз. Кітапхана қоры қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларымен толыға түседі» деп атап өтті.

Іс-шара барысында белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Құсанбаев сөз алып: «Халифа Алтай мешіті тек діни орын ғана емес, мәдени-рухани орталыққа айналғанын осыдан көруге болады. Мешітте мұражай, кітапхана бар. Бұл ұлттық құндылықтарымызды дамыту, дін мен дәстүрдің сабақтастығын сақтауда ерекше маңызға ие» дей келе, өз кітабын және өзінің жеке кітапханасынан бірқатар кітаптарды мешіттің кітапханасына табыс етті.

Жиында сонымен қатар Мәдениет қайраткері, профессор, ақын, сазгер Нәбиолла Кемешев, белгілі журналист Азамат Қасым өз кітаптарын тарту етіп, бұл игі іске үн қосып, қолдау білдірді.

Аймақтың зиялы қауымы қатысқан алқалы жиында рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы туралы әңгіме өрбіді. Бас имам қаламгерлеге ҚМДБ-ның атқарып жатқан іс-шаралары және жеті бағыт туралы кең көлемде баяндап берді.

Қаламгерлер қауымы осындай игі шараны әр кез қолдайтынын жеткізіп, ұлт руханияты үшін игі іс атқарып жатқан өкілдікке алғыс айтты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру