Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Алматы қаласының мешіт асханалары «QMDB halal» стандарты бойынша сертификатталды.
Сертификат табыстауға Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Керімбекұлы мен «Халал Дамудың» Алматы қаласы бойынша жауапты өкілі Маратхан Чадаев қатысты.
Еліміздің оңтүстік ордасындағы «Абдолла», «Әл-Мәдина», «Қайрат», «Альмерек», «Заря восток», «Бекет ата», «Нұр мешіті», «Аль-ғазим» мен «Қарағайлы» мешіттерінің асханалары халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға, сатуға қойылатын жалпы талаптар стандартына сай деп танылды.
«Адалдың белгісін анықтаушы «халал» таңбасын ең алдымен еліміздегі мешіт асханалары иеленуі тиіс. Өзгенің емес, алдымен өзіміздің халыққа ұсынатын асымыз бен қызметіміздің халал стандарты талаптарына сәйкестендірген жағдайда ғана өзгеден адалдықты талап ете аламыз. Мешіт асханаларында қонақ асы, құдайы ас беретін халыққа астың адалдығына асқан ұқыптылықпен қарауға бағыт-бағдар беруіміз тиіс»,- дей келе Еркінбек Керімбекұлы қаладағы барлық ірілі-ұсақты мешіт асханаларын түгелдей дерлік халал стандарты талаптарына сәйкестендіру күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі екендігін жеткізді.
Алматы қаласы бойынша «Халал Дамудың» жергілікті жауапты өкілі Маратхан Чадаев өңірде «QMDB halal» кәсіпорындар саны ұлғайғандығын, сонымен қатар халал өнімге тұтынушылар сұранысының да жоғары екендігін жеткізді. Санның көптігіне қарамастан бақылау-қадағалау шаралары да тұрақты түрде орындалып тұратындығын, мешіт асханалары да бақылаушылар қадағалауында болатындығын ескертті.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
halaldamu.kz
19.04.2021
3291
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру