Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарағанды: Қарттарға құрмет көрсетті

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі 20.03.2021 2618 0 пікір
Қарағанды: Қарттарға құрмет көрсетті

Өскелең ұрпаққа ұлағатты өсиетін айтып, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын қарттар қашанда құрметке лайық. Халқымызды өзгелерден дара ететін бір ерекшелік те осы. 

Қарияларды құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – бабадан балаға сіңген қасиет. Осы орайда жылына бір рет келетін Наурыз мейрамын Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті ақ жаулықты қариялармен бірге кең көлемде атап өтті.

Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен «Әнет баба» мешітінің ұжымы қайырымдылық шарасын жүзеге асырды. Мереке қарсаңына орай ұйымдастырылған шара «Қарағанды қаласы «Қазыбек би» ауданының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде» өтті.

Шара барысында Наурыз мейрамына арналған мерекелік дастарқан жайылып, қонақтарға жеті түрлі дәмнен дайындалған Наурыз көже ұсынылды. Қасиетті домбырамен күмбірлеген күй шертіліп, дәстүрлі ән шырқалды. 

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінен келген дін қызметкерлері берекелі отырыс барысында ақ жаулықты қарт аналарға өзекжарды тілегі мен ыстық лебізін білдірді. Дастарқан басында Құран оқылып, бата жасалды. Қазақта қарт кісіні көрегенді ұрпақ құт-береке деп таныған. Осы орайда асыл қазынамыз қариялар еңбектің зейнетін көріп отырған шақта игі істі ұйымдастырушыларға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқаны үшін алғыс білдірді.

Кездесу соңында қариялардың құрметіне мерекелік сыйлықтар үлестірілді. Қарттар емен-жарқын әңгіме құрып, көңілдері бір марқайып қалды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру