Осыдан бірнеше ай бұрын ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Мұнайлы ауданына арнайы атбасын бұрып, Батыр ауылының әкімі Сауыт Нұрғалыұлымен бірге құлшылық үйінің алғашқы кірпішін қалаған болатын.
Осыған орай, ҚМДБ-ның Маңғыстау өкілдігі өңірімізге қарасты дін қызметкерлері мен жамағатты асарға шақырған болатын. Кеше, осы игі бастама жүзеге асып, Маңғаз Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен жиналған имамдар, еріктілер осынау зәулім мешіттің құрылысында бас қосты.
«Дініміздің өркендеуі, мешіт-медреселеріміздің салынуы, бәрі де еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында жүзеге асып жатыр. Аллаға шүкір, жыл санап, мешіттеріміздің саны өсіп келе жатыр. Алла бізді бұл нығметтерінен, бейбітшілігімізден айырмасын. Бүгінгі асарға келіп, барынша қолдау білдірген дін қызметкерлеріне, жамағатқа және өзге де ерікті азаматтарға алғыс айтамын» деді бас имам Әнуар Ізімбайұлы.
Бүгінде Батыр ауылдық мешітінің екінші қабаты көтерілген. Кірпіші қаланып жатқан жаңа мешіт – Мұнайлы ауданындағы 10-шы мешіт болып табылады. Алла қаласа, бұл ғибадат үйінде бір мезетте 500-ден астам адам құлшылық жасай алады деп күтілуде.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Маңғыстау өңірі бойынша Ақтау қаласының 39-шы шағын ауданында, Батыр, Баутин, Дәулет және Жармыш ауылдарында мешіттердің құрылысы жүріп жатыр.



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі
beket-ata.kz
08.02.2021
2893
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру